Елімізде алтыннан қымбат елтірінің қадірі болмай тұр
Атырау облысындағы елтірілі, етті-майлы асыл тұқымды қой өсірумен айналысатын шаруашылық бар.
Өткен ғасырдың 60-90 жылдары Қызылқоға ауданында ғылыми тәжірибеге негізделген осындай элиталы елтірі сортты еділбай қойының жаңа тұқымы шығып еді. Кейін ғылыми жұмыс аяқсыз қалды.
Біз аралап көрген қой отарында төл алу науқаны аяқтала келіпті. Көкке тойынып, ойнақтаған қозылардың алуан түрін кездестіруге болады. Дегенмен, біздің назарымызды аударған ерекше көксұр түсті қошақандар болды. Бұл-өткен ғасырдың 60-жылдары басталған қазақстандық мал мамандарының ғылыми еңбегінің жемісі екен. Жалпы атауы «суыр» деп аталғанымен елтірінің 6-7 түрі бар. Оның ішінде ең бағалысы қызыл қоңыр және жақұт түсті ақсұр елтірі, дейді малшылар.
Халел Шоңбасов, аға шопан:
- Мынау антрацит. Платинадан да қымбат тұрады мынау. Осы бөліктен біреуі ғана кездесіп тұр қазір. Басқа бөлектерде болар, бірақ енді жойылып кетті ғой тұқымы. Көп кездесе бермейді, сирек. Бұйрасы 15-20 күнде жазылады.
Арыстанбек Кенже, тілші:
- Жасыратыны жоқ, соңғы жылдары шаруашылықтар елтіріге емес, етке қызмет ете бастады. Сондықтан өздеріңіз көріп тұрсыздар, отардың өзі ала-құла. Қарасы, да, аласы да кездеседі. Жалпы қазір мамандардан сұрап көрсек, біз платинаға таңғалып жатырмыз, ал кезінде елтірінің «жақұт» деген түрі шыққан. Оның елтірісі ең қымбат элиталық сорт саналады екен.
Бүгінде Атырау облысында «елтірілі, етті-майлы» қой тұқымы бір шаруашылықта ғана сақталған. Мұнда 5 мыңға тарта мал бар. Бірақ елтірі өндірісімен ешкім айналысып жатқан жоқ. Сол себепті де бір кезде Қазақстанның атын шығарған асыл терілі қошақандар қараусыз қалған.
Әділет Шаймарданов, аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің сектор меңгерушісі:
- Қызылқоға ауданында қаракөл тұқымдас «етті-майлы, елтірілі» қой түрін ізі бар. Бір шаруашылықта бұрынғы кезден өсіріліп келе жатыр. Соңғы кезде ғылыми-зоотехникалық жұмыстар кенже қалуына байланысты сәл кешеуілдеп қалған. Алдағы уақытта Үкімет тарапынан тиісті қолдау болған жағдайда оны дамытуға үлкен мүмкіндіктер бар.
Атырау облысында асыл тұқымды қой өсірумен айналысатын 12 шаруашылық бар. Бірақ барлығы қазақы еділбай қойын қолай көреді. Себебі жүні далада қалатын, елтірісі мүлде өтпейтін түлік түрінен ептеп бой тарта бастаған. Ол заңды да. Мысалы, еділбай қойының қошқары 140-160 келі тартса, 6 айлық төліінің өзі 30 келіге дейін таза ет береді. Бастысы, ет өндіретін шаруашылықтардың шығыны 80 пайызға дейін субсидияланады. Енді елтірі өндірісіне осындай қолдау болса, бағасы алтынға пара-пар асыл терілерді шетелдерге шығаруға мүмкіндік мол.
Арыстанбек Кенже, Амантай Мәтенов