Қазақстанда шетел валютасына тәуелділік азайды
Биыл әлем экономикасы қалыпқа түседі, деп хабарлайды «Хабар 24».
Бірақ Украина мен Ресей арасындағы әскери қақтығыстар ушықса, жаһан бойынша тұрақсыздық орнауы мүмкін. Халықаралық валюта қорының өкілдері мен сарапшылары Таяу Шығыс және Орталық Азия экономикасының даму қарқыны жөнінде әңгіме өрбітті. Ұлттық Банк қабырғасында өткен жиында шетелдік спикерлер де онлайн арқылы сөз алды. Олардың айтуынша, шикізат импортына тәуелді дамушы елдер қазынасына түсетін табыс-кірісті тиімді жұмсай білуі керек. Республикалық бюджеттің ашықтығын қамтамасыз етіп, мемлекеттік қарыздардан уақтылы құтыла бергені жөн.
Ақылжан Баймағамбетов, ҚР Ұлттық Банк төрағасының орынбасары:
- АҚШ валютасына тәуелділік экономиканың дамуына кері әсерін тигізеді. Бірақ Қазақстандағы бұл көрсеткіш едәуір төмендеді. Депозиттік база бойынша айтсақ, былтыр ақпан-наурыз айларында Украина мен Ресей арасындағы соғыс басталған соң, долларға тәуелділік көрсеткіші 40% болды. Қазір 30%-ке де жетпейді. Сондықтан жергілікті базалық ставка саясаты өз нәтижесін беріп тұр деп айтуға толық негіз бар. Осыған байланысты көп адам долларлық депозитін теңгеге ауыстырды.