Орта бизнес өңдеуші саланың драйверіне айналуы тиіс
Орта бизнес Қазақстанның өңдеуші өнеркәсібінің қозғаушы күшіне әрі драйверіне айналуға тиіс.
Бұл жөнінде бүгін Үкімет басшысы Әлихан Смайылов кәсіпкерлермен өткізген кездесуде айтты. Жиында өңдеу өнеркәсібін дамытуға қатысты кең ауқымды мәселелер қаралды. Қазір бизнесмендердің құқықтарын қорғау мақсатында «таза парақтан» реттеу нормасы енгізіліп жатыр. Оның аясында кәсіпкерлерге қойылатын 10 мың негізсіз талап алынып тасталып, мемлекеттік бақылау автоматтандырылады. Сондай-ақ премьер-министр салықтық әкімшілендіру рәсімдерін жеңілдетуді көздейтін жаңа Салық кодексі әзірленіп жатқанын да атап өтті. Сондықтан орта бизнестен зор үміт күтіп отырмыз. Ол бәсекеге қабілетті болу керек, деді премьер. Кездесу барысында қатысушылар қаржыландырудың қолжетімділігін қамтамасыз ету, өнім көлемін ұлғайту, импортты алмастыру және жаңа өндіріс орындарын дамыту және мемлекеттік қолдау бағдарламаларын жүзеге асыру сынды мәселелерді талқылады. Жиын соңында Үкімет басшысы Әлихан Смайылов бұл сұрақтардың шешімін пысықтау үшін жауапты мемлекеттік органдарға тапсырма берілетінін айтты.
Ерік Ахмет, кәсіпкер:
- Біз мемлекеттік қолдау, ынталандыру, қаржыландыру, ұзақ мерзімді келісім-шарттар жасасу жайындағы өз ойымызды жеткіздік. Тағы министрлер кабинетінен отандық тауарларды шетелдерде сатуға көмектесуді сұрадық. Үкімет тарапынан атқарылатын жұмыстарды естідік, енді нәтиже күтеміз.