Арал өңірінде еркін экономикалық аймақ құру бастамасы ұсынылды

Арал өңірінде еркін экономикалық аймақ құру керек. Бұл бастама Арал қаласында өтіп жатқан халықаралық форумда ұсынылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Түрлі сала ғалымдары қатысқан жиында жасыл экономиканы дамыту мүмкіндіктері қаралды. Жел, күн, сутегі энергиясын индустриялық жобаларға бағыттау арқылы өндірістік кластерді қалыптастыруға болатыны айтылды. Сондай-ақ өнеркәсіптік желіні қайта жаңғырту үшін инвесторлар тарту, кәсіпкерлік құрылымдардың қызығушылығын арттыру мақсатында салықтық жеңілдіктер жасау жайы сөз болды. Келелі кеңесте жергілікті тұрғындар теңіз суын Арал қаласына жеткізуге бағытталған САРАТС жобасының 2-ші кезеңін жеделдету жөнінде талап-тілектерін жеткізді. Халықаралық форум 3 күнге жалғасады.

Нұртуған Тұржанов, «Тұран ойпаты-Арал теңізі» ҚБ президенті:

- Негізгі мақсатымыз Парламентте Аралға қатысты отырыс өткізу. Арал туралы заңды қайта қарау, кеңейту. Мүмкін сол Арал туралы заңды қайта қарау кезінде еркін экономикалық аймаққа қатысты жеңілдіктер беру қаралу керек шығар. Нақты жұмыс көздеріне қатысты мән-жайлар, салықтық жеңілдіктер арқылы инвесторлар келеді деген үмітте осы жұмыстарды жасап жатырмыз.

Арман Әміров, жоба ұсынушы:

- Арал өңірінде ауыл шаруашылығы мәселесін өнеркәсіптік деңгейде дамытқым келіп отыр. Нақты айтқанда, түйе шаруашылығы. Көпсалалы кластер болу керек. Сүтті толық өңдеу, етті өңдеу, тері-жүн мәселесі. Ол шаруашылықты 2024 жылы құрылысын бастағымыз келіп отыр Арал өңірінде. Нақты келгенде, Сексеуіл кентінде.