ҚТЖ биыл 108 мың ағаш шпалды ауыстырады
«Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы биыл 108 мың ағаш шпалды ауыстыратын болды.
Бұдан бөлек рельс бунақтарын қайта қалпына келтіріп, пойыздардың қауіпсіз жүйіткуіне бар жағдай жасайды. Себебі қазір бірқатар учаскелерде инфрақұрылымның тозығы жетіп, вагондардың жылдамдығына шектеу қойған. Салдарынан жолаушылар діттеген жерлеріне уақыты жете алмай вокзалдарда сағатттап пойыз күтуге мәжбүр.
«Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы поездардың еш кедергізісіз жүйіткуі үшін күрделі жөндеу жұмыстарына кірісті. Қазіргі таңда жұмыстар Атырау, Ақтөбе, Қызылорда, Қостанай, Павлодар, Семей және Алматы өңірлерінде атқарылуда. Бұдан бөлек Ақмола магистральды желісі бөлімшесінің Аршалы-Бабатай учаскесінде шпалдар ауыстырылып жатыр.
Қазақстан темір жолы компаниясы жөндеу жұмыстарына байланысты Астана – Алматы, Алматы – Петропавл, Шымкент – Астана, Жезқазған – Алматы және Алматы – Орал бағытындағы пойыздардың кешігуі мүмкін екендігін хабарлайды. Нақты ақпаратты білу үшін жолаушылар 1433 нөміріне хабарласа алады немесе арнайы телеграмм ботқа жазуларына болады. Жалпы биыл 1 мың 114 шақырымдық магистральда түрлі жөндеу жұмыстары жүргізу жоспарланған. Бұдан бөлек 108 мың ағаш шпал мен 634 бағыттамалық бұрма жиынтығы ауыстырылатын болады.
Айта кету керек, бұндай жұмыстар пойыздардың шойын жолдарда қауіпсіз жүруі үшін аса қажет. Қазір мамандар тозығы жеткен кей учаскелерде қозғалыс жылдамдығына шектеу қоюға мәжбүр болып отыр. Сондықтан соңғы жылдары компания инфрақұрылымды жаңғырту үшін атқарылуы тиіс шаралардың ауқымын арттырған. Биыл 1 мамырдан бастап Мойынты-Қарағанды-Астана учаскесінде рельс бунақтарын қайта қалпына келтіру, ескі-құсқы темір-бетон шпалдарды ауыстыру сынды кешенді жұмыстар жасалған екен. Қазіргі таңда Жамбыл магистральді желісі бөлімшесінің учаскелеріндегі күрделі жөндеу толық аяқталған.
Риат Шони, Бақперген Панат