Қойдың жабағы жүніне сұраныс жоқ
Атырау облысында қойдың жабағы жүніне сұраныс жоқ.
Өңірде 600 мыңнан астам қой-ешкі мен 30 мыңға жуық түйе бар. Малдың жүні текке аяқасты қалып жатыр. 2015 жылы мемлекеттік бағдарламамен салынған жүн өңдейтін жалғыз кәсіпорын толық қуаттылықпен жұмыс істемейді. Себебі ұйымдастыру жұмыстарын дұрыс жүргізе алмаған.
Бұл отарда 500-ден аса еділбай қойы бар. Қазір көктемгі жабағы қырқымы басталатын шақ. Бірақ малшылар қажетсіз тірліктен шаршаған сыңайлы. Себебі қылшық жүнді саналатын қазақы «еділбай» қойының жүнін ешкім керек қылмайды. Соңғы жылдары мал шаруашылығына бет бұрған облыста 600 мыңнан астам ұсақ жандық бар. Бірақ жүн мен тері қажетсіз болып қалып жатыр,- деп қынжылады шығынға батқан шаруалар.
Құрманбек Аманғалиұлы, шаруашылық жетекшісі:
- Жүн мәселесі қиын болып тұр. Босқа қырқамыз, үстінен жабағысын түсіреміз, бірақ сол жерде қалады Өзінің қырыққан шығынын да ақтамайды. Ресейге де апарғанбыз, бірақ бір құжаттары үйлеспей, қалып қойды. Негізі ол жақта сұраныс бар-күземге олар байпақ жасайды екен.
Облыста 2015 жылы мемлекеттік бағдарламамен салынған жүн өңдеу фабрикасы бар. Жоба бойынша кәсіпорын жылына 500 тонна жүн өңдеп, 400 мың метр табиғи таза өнім шығаруға тиіс еді. Бірақ, шикізаттың талапқа сай келмеуі мен өнімге сұраныстың жоқтығы себепті кәсіпорын қуатының тек 10 пайызына жұмыс істеп тұр. Дегенмен, 2022 жылдан бастап ауылшаруашылығы министрлігі тарапынан тері мен жүн өңдеуге бағытталған жобалар қолға алына бастады. Бастысы, мал өнімін өңдеуге арналған кәсіпорындардың шығынынң бір бөлігі мемлекет өтейтін болады.
Дамир Аспан, ҚР АШМ өкілі:
- Сондықтан инвестициялық шығыныңыздың 25 пайызын мемлекет тарапынна өтеуге қазіргі уақытта жаңа субсидияның ережесіне салуды көздеп отырмыз. Жүн мен теріні өңдеу функциясын АШМ берілгеннен кейін қазіргі уақытта жаңа ережесін бекіткеннен кейін 2022-23 жылға біздің жоспарымыз бойынша тері мен жүнді өңдеуге 2 зауытты жақын арада қосамыз деп отырмыз. Біреуі-Ақтөбе облысында, біреуі Алматы қаласында Ол жерде өңдеуден бұрын желатин да шығаратын мүмкіндіктер мол болады деп есептеймін.
Еліміз бойынша 9 кәспорын тері өңдеумен айналысады екен. Олар жылына 3,5 мың дана тері өңдеп, саттыққа шығарады. Ол да мардымсыз. Егер оларға қолдау болса, бизнестің жаңа түрі жанданып, ата кәсіптің дамуына жол ашылар еді. Бұл мәселе жүн өңдеушілерге де қатысты. Ал әзірге тонналаған жүн кәдеге жарамай жатыр.
Арыстанбек Кенже, Амантай Мәтенов, Жандос Рахметуллин