Қазақстан мен Ресейдің шекаралас аймақтарының ынтымақтастығы артады
Қазақстан мен Ресейдің шекаралас аймақтары ынтымақтастықты кеңейтіп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».
Көрші елдің ірі өнеркәсіп орталығы саналатын – Астрахан облысының қатысуымен жаңа бірлескен жобалар жоспарланған.
Астрахан облысы губернаторының Атырауға сәуір айындағы іссапары барысында ынтымақтастықтың жол картасы жасалған. Бұл картада ауыл шаруашылығы, балық және көкөніс өнімдерін өңдеу саласында бірлескен жобалар, сондай-ақ Атырау қаласындағы тұрғын үйлерде су тазарту бойынша келісім бар. Жыл соңына дейін «Астрахан – Маңғышлақ» магистральды су құбырын қайта жаңғыртуды аяқтау жоспарланып отыр. Оның маңызы зор. Бұл стратегиялық нысан Атырау және Маңғыстау облыстарының бірқатар аудандарын ауызсумен қамтамасыз етпек.
Ардақ Мәдиев, Қазақстанның Астрахан қаласындағы бас консулы:
- Екіжақты қарым-қатынасты тереңдету мақсатында бірқатар құжаттарға қол қойылды. Оның ішінде сауда экономикалық ынтымақтастық жөнінде, мәдени-гуманитарлық салада және бірқатар коммерциялық келсімдерге уағдаластық. Бұл жұмыстар екіжақты тауар айналымын көбейтуге өз үлесін қосады деп сенеміз.
Астрахан облысы Маңғыстау, Атырау және Батыс Қазақстан облыстарымен ынтымақтастық туралы келісімшарт жасаған. Егер жобалар жүзеге асса, екі елге де пайдасы зор.
Илья Торопицын, Астрахан облысы Сыртқы байланыстар министрінің орынбасары:
- Біз үнемі консультациялар мен екіжақты кездесулер өткізіп тұрамыз. Біз бизнес, сауда және ауыл шаруашылығы саласында бірлесіп жұмыс істейміз. Гуманитарлық салада да жетістіктеріміз бар. Мысалы, Астрахан облысындағы Құрманғазы орталығы да Қазақстанның шекаралас 3 облысы мен Астрахан облысының бірлескен күшімен салынған.
Қазақстан облыстары Астраханға қара металл және жеңіл өнеркәсіп өнімдерін сатады. Астрахан облысы шекаралас аймақтарға балық, көкөніс, химия өнеркәсібінің өнімдері мен өндіріске қажетті жабдықтарды жеткізеді.
Алдағы уақытта Астрахандық кәсіпкерлер тамшылатып суаруға қажетті техниканы жеткізуді де қолға алмақ.
Авторлары: Дана Нұржан, Шахзод Гамиров.