Талдықорғандық фермер ақ түсті жылқы тұқымының санын 200 басқа жеткізді
Бірақ ол жылқының бұл түрін әлі күнге дейін патенттей алмай жүр.
Шаруашылықтағы Қамбар ата төлінің жалпы саны бүгінде 500 бастан асты. Сол себепті шаруа жайылымдық жерден таршылық көре бастаған.
Талдықорғандық Александр Софин таза ақ түсті жылқы тұқымын шығару ісін осыдан 20 жыл бұрын қолға алған. Нәтижесі жаман емес. Қазір оның шаруашылығындағы өзі ақ, көзі көкшіл түсті жануардың саны 200 басқа жетті. Бір қызығы жирен, торы, құла, тіпті, сүліктей қара биелерден де аппақ құлын туатын болған. «Бұл 20 жылға созылған тұқымдық түрлендіру жұмысының нәтижесі», – дейді шаруа. Дегенмен ол әлі күнге дейін осы қазақы жылқы тұқымын патенттей алмай келеді.
Александр Софин, шаруа қожалығының басшысы:
- Патенттеуге талпынып көрдім. Бірақ ол үшін шамамен 200 миллион теңгедей қаржы қажет. Ғылыми жұмыстар тегін жүргізілмейді. Ақшам болмағандықтан, селекциялық жұмыстармен өз бетімше айналыса бердім. Мұны менің хоббиім деуге де болады.
Александр Софиннің қызы Маргарита 6 жасынан атқа мініп өскен. Ол жүйрік жылқыны тақымдаған адамның өзін еркін самғайтын құстай сезінетінін айтады. Арманы – әкесі бастаған істі одан ары жалғастыру.
Маргарита Софина, оқушы:
- Жылқы деген өте әдемі әрі ең мәдениетті жануар. Әкем көк көзді жылқылармен айналысса, мен болашақта көзі жасыл түсті аттарды шығарсам ба деймін. Генетиканы тереңірек меңгеру арқылы мен ол арманыма міндетті түрде жетемін. Спирит және Зиппо атты сүйікті аттарым бар. Олар жанына менен басқа ешкімді жолатпайды.
Шаруаның әзірге Талдықорған іргесіндегі Ақ ой жотасында 430 гектар жері бар. Оны мамырдан бастап, маусым айының ортасына дейін ғана пайдаланады. Себебі шіліңгір шілденің ыстығында бұл жердің шөбі күйіп кетеді. «Жайлаулардың бәрін адамдар алып алған. Жайылымдық жерден қатты тарығып отырған жайымыз бар», дейді ол.
Александр Софин, шаруа қожалығының басшысы:
- Жайлауым жоқ. 500 жылқымен мені ешкім кіргізбейді өз жеріне. Әкімдіктегілерден орман шаруашылығына қарайтын жерлерден қолымдағы мал басына сай жайлау бөлгізуді сұраймын.
Талдықорған орман шаруашылығы мекемесіндегілер шаруаның Бұрханбұлақ пен Қора өзенінің жағасынан жайылымдық жер сұрап келгенін айтты. «Туризм нысаны болғандықтан, біз ол жақтан жер бере алмаймыз», – дейді мамандар.
Мәди Оханов, Талдықорған орман шаруашылығы мекемесінің директоры
- Ол кісінің айтып отырғаны Бұрханбұлақ жағы, ол біздің жаңағы туризм жағы. Бір жағынан зона покоя. Ол жерде охотхозяйство аң шаруашылығын жүргізеді. Туризм болғаннан кейін ол жақтан бере алмаймыз. Қазіргі уақытта «Көксу» орманшылығынан бір 200-250 гектар шығып қалған кісілердің жерлері болады, сол жерлерді бере аламыз. Ол кісі е-лицензия өтініші бойынша бізге өтініш жіберсе, сол жерден жылқы басына жазып береміз орман билетін.
Александр Софин бұл тұқымға Жетісу жылқысы деген атау берген. Ақ түсті және ақ боз аттарды адамдар негізінен мәдени-көпшілік шараларға сұрайды. Ол алдағы қала күнінде 20 атқа қолында қазақтың көк туы желбіреген 20 қызды мінгізіп, арнайы флешмоб ұйымдастырмақшы...
Ардақ Айбарұлы, Олжас Байбосынов, Айгүл Ғазизуллина