Арқалықта конвейер шығыршығын шығаратын кәсіпорын іске қосылды
Арқалықта соңғы жылда төрт инвестициялық жоба жүзеге асырылып, бірнеше өндіріс орыны ашылды.
Соның арқасында жүзге жуық адам тұрақты жұмыс тапты. Жақында шағын қалада тағы бір кәсіпорын іске қосылды. Конвейер шығыршығын шығаратын заманауи цехта кемі 30 адам еңбекпен қамтылады.
Шетелдік жаңа станоктарды игеріп жатқан жастардың мамандығы әртүрлі. Мысалы, Бейбіт Исабаев жоғары білімді филолог. Бірақ мұғалімдіктен гөрі токарь болуды қалапты. Бала кезінен ұсталыққа деген қызығушылығы осы кәсіпке алып келген. Жас маман бұрыңғы кеңес дәуірінен қалған станоктардан қазіргі аппараттың айырмашылығы жер мен көктей-дейді.
Бейбіт Исабаев, токарь:
- Ескі станоктарда бір детальды жонып шығу үшін, кейде оны орнату үшінде 40 минуттай кетеді. Орнатуы, оның центрін табу көп уақыт алады. Мұнда әрі кетсе, бір детальды 5-10 минут жонып тастайсың. Главное мұнда мәліметтерді енгізсек болды, электронды түрде таза күйінде алып шығады.
Мемлекеттің қолдауымен жүзеге асқан бұл жобаның құны 159 миллион тенге. Тоғыз жоғары технологиялық станоктар алынған. Жаңа өндіріс орыны жылына 30 мың дана конвейер шығыршығын шығара алады. Қазір мамандар қайта даярлаудан өтіп жатыр.
Виктор Суровцев, кәсіпорын құрылтайшысы:
- Ең бастысы жаңа жұмыс орындары пайда болады. Адамдарды оқытып, үйретіп жатырмыз. Біздің кәсіпорынға келіп, жұмыс істеуге ниетті адамдар аз емес. Токарлықты игерушілердің арасында ағаш ұстасы, мұғалім сияқты өзге мамандық иелері де бар.
Арқалықта 13 инвестициялық жоба жүзеге асады
Биыл Қостанай облысы бойынша 40 мың адамды жұмыспен қамту жоспарланып отыр. Бір жарым мың адам қайта даярлаудан өтіп, кәсіби мамандық алып шығады.
Гаухар Тілеубаева, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бөлім басшысы:
- Қысқа мерзімді оқулар жұмыс берушілердің тапсырысы бойынша ұйымдастырылады. Қазіргі кезде токарь, слесарь, газэлектр дәнекерлеуші сияқты мамандықтарға сұраныс бар. Ал енді Арқалыққа қатысты айтар болсақ, биыл 1900 жергілікті тұрғынды жұмыспен қамту жоспарда бар. Оның басым бөлігі тұрақты жұмысқа орналасады.
Қазір Арқалықта жұмыссыздық денгейі 4,9 процентті құрап отыр. Егер 2026 жылға дейінгі межеленген 13 инвестициялық жоба жүзеге асса, екі қолға бір күрек іздегендердің саны біршама қысқарары анық.
Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг