Қостанай шаруалары субсидиясыз отыр

Қостанайлық шаруалар тиесілі субсидияларын әлі күнге ала алмай жүр.

Биыл мемлекет жәрдем ақысына 7 мыңнан астам  өтініш келіп түскен. Соның 1100-і ғана қанағаттандырылды. Шаруалардың айтуынша, субсидиялаудың жаңа ақпараттық жүйесі енгізілген сәттен осындай іркілістер пайда болған. Электронды жүйе жыл басында іске қосылған еді. Салдарынан өтінімді қарау, тексеру созбаққа салынады. Мамандар да жүйені әлі жетілдіру керегін айтып отыр. Мәселен, Арқалықтағы шаруа қожалығының иесі Қайролла Әкімханов былтыр субсидияға үміт артып, дән сепкіш кешендерін сатып алған. Енді несиесі мойнына ауыр салмақ болып тұр. Биыл Қостанай облысының ауылшаруашылығын қолдауға мемлекет 40,5  миллиард тенгеден астам қаржы бөлді.

Қайролла Әкімханов, шаруа қожалығының басшысы:

- Қазір субсидияға өтініш беріп, тіркелу қиын. Одан қалды ұзақ қарайды. Ал көктемгі егісті сапалы өткізу үшін, жәрдем қаржы бізге дәл қазір қажет. Онсыз тыңайтқыштар алып,  барлық агротехникалық шараларды жасау мүмкін емес. Білуімше, көбінде ақша жоқ. Сондықтан әріптестерім қиын жағдайда қалып отыр.

Нұрсұлтан Қабделов, облыстық ауылшаруашылық басқармасының бөлім басшысы:

- Жер учаскелерін жаңағы карталарын, егіс алқаптарын біздің управлениенің мамандары жеке тексеру, қолмен тексеру бойынша уақыт созылады. Сонымен қатар ауылшаруашылық тауар өндірушілері қате берілген өтінімдер бойынша ол өтінімдерді қайтару функционалы осы ақпараттық жүйеде жоқ. Яғни осы қате өтінімдерді тексеру біраз уақытты алады. Сондықтан бүгінгі күнде облысымызда субсидия төлеу бойынша осындай жағдай туындап отыр.