Заңсыз шығарылған активтерді қайтару жөнінен ведомство құрылуы мүмкін

Заңсыз шығарылған активтерді қайтару бойынша жеке ведомство құрылуы мүмкін.

Жаңа орган Бас прокуратураның құрылымында болады. Бұл туралы Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында мәлім болды. Депутат Магеррам Магеррамов «Заңсыз сатып алынған активтерді мемлекетке қайтару туралы» Заң жобасын таныстырды. Сондай-ақ, қайтарылған активтерді жинақтау және басқару мәселелері бойынша арнайы мемлекеттік қор және басқарушы компания жұмысын бастайды. Депутаттың айтуынша, жаңа компания қаржыны әлеуметтік және экономикалық жобаларға тиімді жұмсауға және осы процесте ашықтықты қамтамасыз етеді. Бұл мақсатта жалпы саны 11 кодекс және 13 заңға түзету енгізу көзделеді.

Магеррам Магеррамов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Заң жобаларын қабылдаудың бірнеше оң әлеуметтік-экономикалық әсері бар. Атап айтқанда, қоғамдағы әлеуметтік әділдікті қалпына келтіру, заңсыз сатып алынған және шығарылған активтерді мемлекетке қайтару арқылы Қазақстан халқының әл-ауқатын арттыру, азаматтарды активтерді ерікті түрде қайтаруға ынталандыру, активтерді заңсыз сатып алуға ықпал ететін себептер мен жағдайларды жою көзделіп отыр.