Ұлттық Банк базалық мөлшерлемені өзгеріссіз қалдырды
Елде базалық мөлшерлеме 16,75% деңгейінде қалды, деп хабарлайды «Хабар 24».
Ұлттық Банк төрағасы Ғалымжан Пірматовтың айтуынша, сыртқы ортаның проинфляциялық қысымы бәсеңдеп келеді. Нәтижесінде елдегі жылдық инфляция төмендей бастады.
Наурыз бен сәуірде инфляцияның айлық көрсеткіші 0,9%-ті құрады. Бұл орташа тарихи мәндерден жоғары. Дегенмен ақша-кредит саясатының арқасында базалық инфляцияның қарқыны бәсеңдей бастады. Ғалымжан Пірматов күтілетін және сезілетін инфляцияның динамикасында оң үрдіс бар деп айтуға әлі ерте деді.
Ғалымжан Пірматов, ҚР Ұлттық Банк төрағасы:
- Халықтың тұтынушылық сұранысы тұрақты болып қалып отыр. Бұл бөлшек тауар айналымы, тұтынушылық тауарлардың импорты және тауарлар мен қызметтер үшін халықтың қолма-қол ақшасыз төлемдері туралы деректерден көрінеді.
Ғалымжан Пірматовтың айтуынша, шикізат пен тауар нарығындағы қысымның азаюы, сол сияқты логистикалық мәселелердің шешілуі жаһандық инфляцияның төмендей түсуіне ықпал етеді. «Теңгенің айырбастау бағамы тұрақты болса, азық-түліктің ішкі бағасын өсу тұрғысынан бәсеңдетуге мүмкіндік бар», - деді орталық банк басшысы.
Ғалымжан Пірматов, ҚР Ұлттық Банк төрағасы:
- Біз осы жылдың аяғына дейінгі болжамдарымызды 11-14%-ке көтердік. Оның негізгі себебі – жанар-жағармай мен тұрғын шаруашылығындағы тарифтердің өсу себебі. Оның тікелей әсері бар және жанама әсері бар.
Инфляцияның тұрақты бөлігіндегі көрсеткіштер 2022 жылғы қыркүйектен бері қарай баяулай бастады. Бұл үрдіс сақталатын болса, осы жылдың екінші жартысында базалық мөлшерлемені бірте-бірте төмендетуге кеңістік пайда болуы мүмкін. Базалық мөлшерлеме бойынша кезекті шешім 5 шілдеде жарияланады.
Авторлары: Мерей Мұратханқызы, Ырыстанбек Оспанов.