Қазақстан жетіспеген электр қуатын Ресейден алып отыр
Әсіресе кешкі уақытта және қыс мезгілінде теріскейдегі көршіміздің көмегіне жиі жүгінуге тура келеді.
Энергетика министрлігі ұсынған мәліметке сенсек, бұл тұтынудың күрт өсуінен туатын мәселе. Әйтпесе елімізде энергия тапшылығы жоқ.
Қазақстанда энергия тапшылығы жоқ. Тек кейде жетіспей қалатыны рас. Яғни өндіру мен тұтынудың балансы сақталмағанда тапшылық туады. Бұл туралы Энергетика министрлігінде хабарлады. Дегенмен, сарапшылардың алаңдауына негіз жоқ деп те айта алмаймыз. Әсіресе ірі қалалардағы жағдайға жіті назар керек.
Жақып Хайрушев, «Атамекен» ҰКП басқарушы директоры:
- Жасыратыны жоқ, Астанада жылу тапшылығынан бөлек, су тапшылығы, кәріз жүйесінің аздығы сынды проблемалар бар. Жаңадан Нұра ауданы салынып жатыр. Алайда, көптеген тұрғын пәтеріне кіре алмай отыр. Себебі, жылу жоқ. Астана әкімдігі биылғы жылдың соңына дейін қосымша 500 Гкал (гигакалория) беруге уәде етті. 2026 жылға қарай Алматының бүкіл торабы газ электр станциясына қосылады. Бұл жобалар жүзеге асса, нұр үстіне нұр болар еді.
4 қалада жылу орталығы салынып жатыр
Сарапшының айтуынша, еліміздегі басты проблема – қазандық. Жарты ғасыр бұрын салынған орталықтар әбден ескіріп тұр. Қазір Астана, Алматы, Көкшетау мен Семейде жылу-электр орталықтары салынып жатыр. Ел көлемінде әртүрлі меншіктегі 202 жылу-электр станциясы бар. Былтыр сағатына 112 млрд кВт өндірілді.
Әлімжан Тұрар, ҚР Энергетика министрлігі электр энергетикасын дамыту департаментінің басқарма басшысы:
- Жалпы өндірістің өсуіне байланысты кешкі уақыттарда белгілі дефицит бар. Ол дефицитті біз Ресей Федерациясы арқылы, біздің жалғанған желілеріміз бар, сол Ресей Федерациясының энергия жүйесінен алып отырамыз. Түркістан облысында станция соғу жоспарлануда. 1000 мВт. Және де Қызылорда облысында тағы бір станция салу жоспарлануда. Осы станциялардың арқасында алдағы уақытта біз дефициттің көлемін түсіреміз деген үміттеміз.
Биыл 2 мың шақырым электр желісі жөнделді
Түркістан мен Қызылордағы станциялар газбен жұмыс істейді. Жалпы, еліміздегі энергияның 5 пайызы жаңартылатын көздерге тиесілі. Париждік келісімге сәйкес, 2030 жылы 15 пайызға жеткізу көзделіп отыр. Энергия ағынын реттеу тасымалдаушы компания құзырында.
Дәурен Шәкенов, Электр желілерін басқару компаниясының филиалы бас диспетчерінің орынбасары:
- 2022 жылы электр желісінде 2,8 млрд кВт/сағ. энергия шығын болды. Бұл таратылған электр энергиясының 5 пайызы. Биылғы жылы қашықтығы 2 мың шақырым болатын 22 желіні жөндедік. Екінші, үшінші кезеңдер шеңберінде 85 электр желісін жөндейміз.
Энергия тапшылығын жоюға майнинг өндірісінің шектелгені де едәуір ықпал етті. Бұдан бөлек сарапшылар жұмыс күшінің де жетіспейтінін айтады. Жер-жерде салынып жатқан станцияларға да болашақта мыңдаған маман қажет. Сондықтан осы бастан бұл салаға грантты көптеп бөліп, жан-жақты әзірлену керек дейді олар.
Нұрқанат Қанапия, Диас Қобланбаев