Қазақстан мен Испанияның ірі компаниялары бүгін елордада бас қосты
Былтыр екі ел арасындағы сауда айналымы 2,5 млрд еуроға жеткен еді.
Енді саладағы серіктестікті одан әрі арттыру үшін қос тарап жыл сайынғы іскерлік кеңеске жиналды. Биыл форум жетінші рет өтіп отыр. Мұнда сауда-экономикалық ынтымақтастықтан бөлек елге инвестиция тарту мәселесі де талқыланады.
Қазақстан мен Испания арасындағы Іскерлік кеңестің отырысы жыл сайын жаңа инвестициялық жобаларды бастауға мүмкіндік береді. Отандық кәсіпкерлер "Бәйтерек" Ұлттық холдингі арқылы еуропалық компаниялармен берік ынтымақтастық һәм тиімді іскерлік байланыс орната алады.
Қанат Шарлапаев, "Бәйтерек" ұлттық басқарушы холдингінің басқарма төрағасы:
- Отырысқа Қазақстаннан 150-ге жуық қатысушы, ал Испаниядан 35-ке жуық компания келді. Екі ел арасында бірлескен кәсіптің көкжиегі кеңейтіп, тиімді қарым-қатынас құруға мүмкіндік беретін терең іргетасымыз бар. Біз берік байланысты әрі қарай жалғастыруға дайынбыз.
Бұл жолғы жиында испаниялық инвесторлар 3 салаға қызығушылық білдірді. Олар машина жасау, ауыл шаруашылығы және су ресурстарын басқару саласына қомақты қаржы құюға дайын. Одан бөлек, туризм мен қалдықтарды қайта өңдеу салаларында да бірлесе жұмыс істеуге ниет білдіргендер бар.
Шиана Маргарида Мендес, Испанияның сауда жөніндегі мемлекеттік хатшысы:
- Біз Қазақстанда таза энергияны дамытуға мүдделіміз. Сауда мен инвестиция қарқынды дамып жатыр деп ойлаймын. Алдағы жылдары біздің іскерлік байланыстарымыз тек күшейе түсетініне сенімдімін.
Испандық компаниялар біздің нарықта белсенді жұмыс істейді. Қазақстан олардың Орталық Азиядағы басты сауда серіктесі. Былтыр екі ел арасындағы сауда айналымы 2,5 миллиард еуро пайда әкелді, Алдағы уақытта бұл көрсеткіш ұлғая түседі деген сенім бар.
Авторлары: Бекзат Аманов, Ақылбек Есімсейітов