Қостанайдағы көлік зауытына балалар қонаққа барды
Қостанайдағы Аллюр автозауыты қызықтап келуші қонақтардан арылмайды.
Бұл жолы кәсіпорынның өндіріс алаңында белгілі блогер Артур Асқарұлы басқаратын Алматы футбол академиясының тәрбиеленушілері болды. Балалар өндіріс цехтарын аралап, көлік құрастыру процесін өз көзімен көрді.
Аллюр автозауытында техникалық қауіпсіздікті сақтау басты шарт. Сондықтан алматылық оқушыларға алдымен қауіпсіздік талаптары тәпіштеп түсіндірілді. Арнайы киімдер балаларға сәл үлкендеу екен. Бірақ оны елеп жатқан ешкім жоқ. Барлығы зауыт ішіне кіріп, машинаның қалай жасалатынын көруге асық. Экскурсия бояу цехынан басталды.
Одан кейін дәнекерлеу цехына келді. Бұл жерде балалар көп аялдады. Робототехникамен автоматтандырылған желінің жұмысы жас қонақтарды қатты қызықтырды.
Нұрсәт Мархабат, "SD Family" футбол академиясының тәрбиеленушісі:
- Қызық екен, дәу екен. Бұл жерде біз қалай кузов жасайды екен, машиналарды сваркамен істейді екен.
Алматы футбол академиясының Қостанайға келудегі өз мақсаты бар. Кеше олар «Тобыл» клубы жүйесіндегі қатарластарымен жолдастық кездесу өткізді.
Артур Асқарұлы, "SD Family" футбол академиясының бас директоры:
- Ұсыныс түскенде қуана қабылдадық. Өйткені мұндай мүмкіндік бола бермейді. Шынымды айтсам, өзімде машинаны қалай құрастырып, жинайтынын жақыннан көрген емеспін. ЗауЫттың ауқымдылығы таңқалдырды. Қазақстанда жүрген әрбір екінші-үшінші көлік осы жерден шығады екен. Бұл керемет емес пе.
Аллюр зауыты әлеуметтік жағдайы нашар елуден астам отбасына тұрақты түрде көмек қолдау көрсетіп отырады. Мереке қарсаңында кәсіпорын есебінен мыңнан аса балаға сыйлық табыс етілді.
Әлібек Құсайынов, ALLUR автокөлік зауытының әлеуметтік мәселелер жөніндегі директоры:
- Бізде алдын ала белгіленген іс-шаралар кестесі бар. Соның аясында мысалы «Аналар үйіне» ұдайы көмек көрсетеміз. Сондай-ақ кәмелетке толмағандарды бейімдеу және әлеуметтік қызмет орталықтарына қол ұшын беріп отырамыз.
«Мектепке жол» қайырымдылық шарасы да Аллюр зауыты үшін дәстүрлі шаралардың бірі.
Мағауия Қалиев, Ермек Мұхамедияров