Астана халықаралық форумына бірқатар елдің басшылары келеді

«Майкрософт», «Мастеркард» және «Пепси» сынды әлемнің алпауыт компанияларының өкілдері Қазақстанға келеді.

Ірі корпорациялардың делегаттары маусымның 8-9 күндері елордада өтетін Астана халықаралық форумына қатысады.

Шараға бизнесмендерден бөлек инвесторлар мен бірқатар мемлекеттің басшылары да келеді. Енді осы алқалы жиын Қазақстанға не береді? Пайдасы қандай?

Бұл халықаралық форум пандемиядан кейін Қазақстанда өткелі тұрған ең ірі іс-шараның бірі. Алқалы жиынға 40-тан астам елден 400-ге жуық делегат келеді деп күтіледі. Олардың қатарында мемлекет басшылары мен алпауыт компаниялардың жетекшілері де бар. 2 күн бойы өтетін пленарлық отырыстар мен панельдік сессиялар барысында сарапшылар климаттың өзгеруі, азық-түлік қауіпсіздігі сынды өзекті мәселелерді талқылайды.

Ержан Әбіш, ҚР Ұлттық экономика министрлігінің департамент директоры:

- Форумның негізгі мақсаты әлемде болып жатқан дүрбелеңдердің негізгі түйткілді мәселелерін шешу бойынша адамдардың бір-бірімен пікір алмасуы, талқылау және соған байланысты шешім қабылдау болып табылады. Бірақ атап өтетін болсақ, бұның аясында бірнеше келісім шарттар, қол қоюлар күтілуде. Ол әрине Қазақстанға үлкен септігін тигізеді деген ойдаймыз.

Инвесторлармен бұндай алаңда кездесу, қазақстандық кәсіпкерлер үшін өте тиімді болмақ. Жалпы Тәуелсіздік жылдары елге 417 млрд доллар инвестиция тартылған. Ал халықаралық форумнан кейін бұл сан еселеп артуы мүмкін.

Ардақ Зебешев, ҚР СІМ Инвестиция комитетінің төрағасы:

- 30 шақты белді америкалық компаниялар келетін болады. Солармен министрліктер, басқа да квазимемлекеттік компаниялардың қатысуымен үлкен іс-шара өткізіледі.

- Біріншіден, біздің преференцияларымыз бар ұсынатын. Екіншіден біздің нарықта жұмыс істеп ол компаниялар көршілес мемлекеттердің нарығына кіруге мүмкіндіктері бар.

Жалпы сарапшылардың сөзінше алда болатын Астана халықаралық форумында делегаттар тек пікір алмасып қана қоймай, көптеген маңызды келісімдер жасалады деп топшылауда.

Риат Шони, Ербол Дайыров