KPI Inc компаниясымен маман даярлау туралы меморандум жасалды
Елде газ-химия кешені қарқынды дамып келеді.
Білікті мамандарды дайындау мәселесі де маңызды.
Осыған орай Атырауда “KPI Inc” компаниясы мен Мақат мұнай-газ технологиялық колледжі және Мақат ауданының әкімдігі әлеуметтік серіктестікті дамыту мақсатында меморандумға қол қойды. Үш жақты келісім шеңберінде инженерлік-педагогикалық бөлімнің студенттерін кәсіпорында тағылымдамадан өткізу, практикалық білімін арттыру секілді бірлескен жобалар жүзеге асады.
КРІ кәсіпорны бүгінде 631 адамды жұмыспен қамтып отыр. Оның 80% жергілікті тұрғын. Үш жақты келісім негізінде “КРІ Inc” компаниясы мұнай және газ технологиялық колледж студенттерінің теориялық білімін практикамен ұштастыруға ықпал етеді. Салада жергілікті жастардың да жұмыс істеуіне жол ашылады.
Бақытжан Қаналиев, “КРІ Inc.” компаниясының өндіріс басқару қызметінің басшысы:
- Газ-химия саласы елімізде енді-енді дамып келе жатқандықтан, бізге жергілікті кадрлардың біліктілігі өте маңызды. Сондықтан жақында оқу орнымен бірге кәсіби практиканы, дуалды оқыту жүйесін ұйымдастырамыз. Бірлескен жұмысымыз нәтижелі болатынына сенімдімін.
Мақат колледжінің мұнай-газ саласына маман дайындауда тәжірбиесі мол. Оқу орны 11 жыл ішінде 10 мыңдай студентті даярлап шығарған. Мұндай келісімнің жастар үшін үлкен мүмкіндік екенін белгілі.
Ізтұрған Тасбаев, Мақат мұнай-газ технологиялық колледжінің директоры:
- Бұл осы біздің түлектеріміздің жұмысқа орналасу көрсеткішін жоғарлатады деп ойлаймын және бізде дайындалатын мамандықтар, негізгі мамандықтар, жұмысшы мамандықтары өндіріске қажет, нарыққа талап етілетін мамандықтар. Колледжде жасайтын өндірістік оқыту шеберлері мен арнайы пән мұғалімдері бәрі талапқа сай.
Үш жақты келісім негізінде енді дамып келе жатқан салада жергілікті білікті мамандардың саны артады. Олардың жұмыспен қамтылуына да жол ашылады.
Асланбек Шығыр, Амантай Мәтенов