Заңсыз алынған активтерді қайтару негізгі үш қағидамен жүргізіледі

Парламентте «Заңсыз алынған активтерді мемлекетке қайтару туралы» заң жобасы қаралады.

Бас прокуратура осы іс бойынша уәкілетті орган мәртебесін алды. Әділдік пен заңдылық болу үшін комиссия құрылады. Оның құрамына депутаттар, бірқатар агенттік пен ведомство басшылары, соның ішінде күштік құрылым жетекшілері кіреді. Бас прокуратура байлық, заңдылық және ашықтық қағидасы негізінде қайтарылады деді. Арнайы мониторинг жүргізіліп, табысының заңдылығы тексерілетін тұлғалардың тізімі жасалады. Уәкілетті орган шетелдік шоттарды тексере алатын өкілетке ие болады. Бүгінде Қазақстанның 47 елмен инвестицияны қорғау туралы екіжақты келісімі бар. Заң ел азаматтарына ғана емес, шетелдік тұлғаларға да қатысты болады.

Ұлан Байжанов, ҚР Бас прокурорының орынбасары:

- Біріншіден, шек анықталады. Яғни адамның өзінің және жасырған активтерінің жалпы құны белгіленеді. Әзірге жобадағы шек 100 миллион доллар болып бекітілді. 

Заң жобасын әзірлеу барысында Батыс елдерінің тәжірибесі зерттелді. Бастысы заң Конституцияның барлық нормасына сай. Мұны тәуелсіз сарапшылар да растаған. Сонымен қатар құжатта активтерді ерікті түрде қайтару қарастырылған. Ол кезде тұлға жауапкершіліктен босатылады. Құжатта заңсыз жолмен алынған қаражатты қайтаруға көмектесетін азаматтарды ынталандыру және оларды қорғау да қамтылған. Қадағалау органының мәліметінше, осы кезге дейін елге 760 миллиард теңгенің активтері қайтқан.

Ұлан Байжанов, ҚР Бас прокурорының орынбасары:

- Құжатта заңсыз жолмен табыс тапқан тұлғаларға бәрін өз еркімен қайтаруға мүмкіндік беріледі. Егер мұны қаламаса, яғни олар байлықты түрлі артықшылық, жеңілдік арқылы иеленгенін мойындамаса, ондай кезде активтерді мәжбүрлі жолмен аламыз. Банктерге және салық бойынша құпия ақпараттарға жол ашылады. Сөйтіп, күдікке ілінген тұлғаларға қатысты әрбір кәсіпорынға терең талдау жасап, есепшоттарын тексереміз.