«ҚазМұнайГаздың» еншілес кәсіпорындары көмірқышқыл газдың ауаға бөлінуін азайтады

«ҚазМұнайГаздың» Атырау облысындағы еншілес кәсіпорындары 2031 жылға дейін көмірқышқыл газы шығарындысын 400 мың тоннадан астам мөлшерге азайтады.

Бұл туралы ұлттық компания өкілдері экологиялық мәселелер талқыланған конференцида мәлімдеді.  Басқосуға «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының басшылығы, облыс әкімі, ғалымдар мен белсенділер және депутаттар қатысты.

Өңірде экологиялық мәселелерді шешу күн тәртібінен түскен емес. Бүгінгі басқосуда мемлекет, азаматтық қоғам мен бизнес өкілдері қоршаған ортаны қорғау мәселесін талқылады. Жиында «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының бастамалары мен атқарған жұмысы баяндалды. Салада жеткен жетістік аз емес.  Мысалы,  ұлттық компанияның зауыттарында суды қайта пайдалану көрсеткіші 27 пайызға өскен.  Ал тұрақты алау жағу көлемі 2030 жылға қарай нөлге дейін азаяды. 

Мағзұм Мырзағалиев, "Қазмұнайгаз" ҰК АҚ Басқарма төрағасы:

- Атырау қаласының тұрғындары жиі ауаның сапасы туралы проблеманы көтереді. Сондықтан Атырау мұнай өңдеу зауытына қатысты үлкен бағдарламаны әзірледік. Бұл 120 млрд теңге тұрады. 3-4 жыл ішінде жүзеге асырылады. Оның басты мақсаты – экологиялық проблемаларды жою. 

Қазір Атырау мұнай өңдеу зауытында шығарындыларды бақылаудың автоматтандырылған жүйесін енгізу, сарқынды суларды тазартптын құрылғыларын жаңғырту, су пайдалану деңгейін азайту сияқты  ауқымды жобалар іске асып жатыр. Зауыттың қауіпсіз жұмыс істеуі үшін жеке электрстанция салу да жоспарда бар. 

Мұрат Досмұратов, "Атырау мұнай өңдеу зауыты"  ЖШС Бас директоры:

- Бұған дейін жарықтың сөнуіне қатысты зауыт жұмысы мәжбүрлі түрде тоқтатылып жүрді. Енді осы мәселені реттеу үшін зауытта жеке газ турбиналы электрстанциясын салу жоспарланып отыр. Оның қуаттылығы 155 МГВт болады. 2028 жылға қарай жобаны толық жүзеге асырып, іске қосамыз. 

Жиында эколог ғалымдар мен экобелсенділер өздерін толғандыған сұрақтарын ортаға салып, мамандардың жауабын алды. Қатысушылар басқосудың маңызын атап өтіп, алдағы уақытта да жалғастыру туралы тілек білдірді.

Асланбек Шығыр, Темірлан Сұлтанғазиев