АХФ барысында Қазақстанды алаңдатып отырған өзекті мәселелер қаралды
Астана халықаралық форумында әлемді ғана емес Қазақстанды да алаңдатып отырған өзекті мәселелер қаралды.
Сарапшылардың айтуынша, жаһан жұртын жинаған шара елдің экономикалық һәм экологиялық әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді. Форумның панельдік сессияларында не талқыланды?
Бекзат Аманов, тілші:
- Жаһан жұрты жік-жікке бөлініп барады. Көк түтінге көмілген, әбден бүлінген экология ахуалы да мәз емес. Азық-түлік тапшылығы тағы бар. Біз осы пррблеманың барлығын білеміз, бірақ оның шешімін таба алмай жүрміз. Ал бұл қиындықтарды еңсеру үшін келісім керек. Келісу үшін тараптардың басын қосатын диалог алаңы керек.
Астана халықаралық форумы әлем жұртшылығына осы мәселелерді шешуге мүмкіндік беретін үнқатысу алаңын ұсынды. Бүгін жиында 10-нан аса мәселе қаралды. Әсіресе, сыртқы саясат, баламалы энергия, сауда саласына басымдық берілді. Әлемнің ғана емес, Қазақстанның да алдында тұрған сын-қатерлер талқыланды. Соның бірі - су тапшылығы. Форум аясында шетелдік мамандар елдегі тіршілік көзін үнемдеу, тапшылықтың алдын алу тақырыбында пікір алмасты.
Михаэль Роэ, Израиль – Қазақстан сауда аппаратының төрағасы:
- Қазақстанда судың мол қоры бар. Тек өзен-көлді пайдалана беру дұрыс емес. Жүйелі жұмыс құрып, су қорын жинау керек. Ауылшаруашылығына тіршілік нәрін үнемдеу технологияларын толық енгізу маңызды. Сол кезде Қазақстан әлемдегі басты тауар өндірушілердің біріне айналуы мүмкін. Израиль мемлекетінің тәжірибесіне де қарау керек. Су дағдырысын тек жаңа технология арқылы жеңуге болады.
Су тапшылығы экономикаға ғана емес, экологияға да кері әсер етіп жатыр. Жаһанның түкпір-түкпірінен жиналған қауым осы қоршаған ортаның ластануына алаңдаулы. Әлем дереу көміртегіден бас тартып, жасыл энергетикаға көшсе дейді олар. Сарапшылардың айтуынша, бұл тұста да Қазақстанның әлеуеті жоғары. Бізде жер көлемі үлкен, күн қуаты жоғары. Демек, таза энергия өндіруден көш бастауға мүмкіндік бар.
Айнұр Тұмышева, жасыл сутегін өндіру жобасының инвестициялар жөніндегі директоры:
- Жасыл энергетика бар жерде жасыл технологиялар келеді, жасыл өндірістер келеді. Олардың барлығы шетелде болып жатқан бағыт. Форум біріншіден жасыл энергетика+ жасыл индустрияны дамыту. Екіншіден, осы бағытта жұмыс жасап жүрген компаниялармен танысу, мүмкіндік болса солармен бірге жаңа жобалар бастау.
Иә, форум отандық мамандарға шетелдік әріптестерімен байланыс орнатуға мүмкіндік берді. Бұған өзге мемелекеттерден келген кәсіпкерлер де мүдделі. АҚШ сауда палатасының өкілі Куши Чоксидың айтуынша, мұнда халықаралық инвесторлар үшін Қазақстанның экономикалық жоспарымен танысуға қолайлы жағдай жасалған. Ол америкалық компаниялар Қазақстанды тауар тасымал тізбегі жөнінен артықшылығы бар аймақ ретінде қарастырып отырғанын айтты.
Куши Чокси, АҚШ сауда палатасының Таяу Шығыс және Түркия бойынша вице-президенті:
- Делегация құрамында 20 компанияның өкілі мен 40 америкалық бизнес көшбасшысы бар. Барлығы да Қазақстанмен әріптес болғысы келеді. Оның ішінде аграрлық сала, цифрландыру сынды түрлі бағытта алыс-беріс жасауға, инвестиция құюға ынталылар көп. Бұған қоса, газ және энергия саласына да қызығушылық жоғары. Менің ойымша форум расымен халықаралық деңгейде ұйымдастырылған. Қазақстан тарабы түрлі жоба мен идеяларды ортаға салатыны сөзсіз. Ал американдық инвесторлар сол ұсыныстармен мұқият танысуға ниетті.
Жаһан жұртын алаңдатқан өзекті мәселелер қаралған форум елге инвесторлар тартуға да ықпал етті. Мари-Элен Берар жиынды тек талқы алаңы емес, әріптестік орнатуға мүмкіндік ретінде қарау керек дейді.
Мари-Элен Берар, экономист:
- Өте маңызды форум. Мұнда әр елден жиналған делегация өкілдері көп болды. Бұл елге мол инвестиция тартуға мүмкіндік береді. Жалпы қазір Қазақстан инвесторларға қызық деп айтуға болады. Бірақ бұған кедергі келтіретін мәселелер де жоқ емес. Бұл түйіткілдердің шешу жолдарын қарастыру керек.
Бекзат Аманов, тілші:
- Ертең форумның соңғы күні. Жоспар бойынша сарапшылар энергетикалық қауіпсіздік, қаржы, жасанды интелект, жалған ақпарат, әйелдер теңдігі сынды мәселелерді талқылайды. Түптің түбінде Қалың қараша бұл форумнан мәселенің мән-жайын ғана емес, түпкілікті шешу жолдарын күтеді.
Бекзат Аманов, Ырыстанбек Оспанов, Мейрам Жүніс