Цифрландыру экономиканың дамуына зор ықпал етті
Цифрландыру экономиканың дамуына зор ықпал етіп, бүгінгі күн тәртібінің бағыт-бағдарын айқындап берді.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Шетелдік инвесторлар кеңесінің отырысында осылай деді. Мемлекет басшысы 2025 жылға қарай әлемдегі цифрлық нарықтың үлесі 50 пайызға артады деген болжам барын айтты. Есеп бойынша 10 жылда әлемдегі тауар өндірісі мен көрсетілетін қызметтердің 70 пайызында цифрлық технологиялар қолданылады. Бұл үрдіс Қазақстан үшін аса маңызды. Сондықтан қазір еліміз Еуразиядағы ең ірі әрі озық цифрлық хабтардың бірі болуды көздейді деді. Таяуда әлемдегі 62 ел Орталық Азияның орнықты дамуы үшін Қазақстанда БҰҰ-ның цифрлық шешімдер орталығын құру бастамасын бірауыздан қолдаған болатын.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:
- Геосаяси шиеленіс пен протекционизмнің белең алуы әлемдік экономиканы өзгертіп жатыр. Бұл экономиканы баяулатып қана қоймай, жаһандық өсім мен тұрақтылыққа кедергі келтіруде. Алайда кез келген дағдарыс жаңа мүмкіндікке жол ашатынын уақыт көрсетті. Орасан зор технологиялық серпін беретін «цифрландыру» осындай мүмкіндіктің бірі деп санаймыз. Цифрландыру қарқыны экономиканың дамуына зор ықпал етіп, бүгінгі күн тәртібінің бағыт-бағдарын айқындап берді. Жасанды интеллект, блокчейн, Интернет заттар және Үлкен деректер секілді жаңа тұжырымдар мен технологияларды кең көлемде енгізу ауыл шаруашылығынан бастап қаржы саласына дейін барлық саладағы ойын ережесінің өзгеруіне алып келеді.