Маңғыстаудағы магистральді газ құбырының құрылысы аяқталуға жақын
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Маңғыстау облысын көгілдір отынмен жабдықтау бағытында екі ірі жоба жүзеге асып жатыр.
«Бейнеу-Жаңаөзен» магистральды газ құбырының екінші тармағының құрылысы жыл соңында аяқталады. Сонымен бірге «Жаңаөзен-Жетібай-Ақтау» құбырының үшінші тармағын толық жөндеу жұмыстары қыркүйек айында бітуі тиіс. Аталған жобалар аймақты көгілдір отынмен қамтып қана қоймай, шағын және орта бизнестің дамуына, жаңа жұмыс орындарын ашуға ықпал етеді.
Бұл ТМД аумағында теңдесі жоқ техника. Терең ор қазғыш машина 24 экскаватордың тәуліктік жұмысын жалғыз атқарады. Осындай қарқынмен «Бейнеу-Жаңаөзен» магистральды газ құбырының екінші тармақ құрылысы желтоқсанда аяқталуы әбден мүмкін. Жоба «QazaqGaz» ұлттық компаниясының бастамасымен ақпан айында қолға алынды.
Мейірбек Ихсанов, "QazaqGaz" ҰК" АҚ Басқарма төрағасының орынбасары:
- Бүгінгі күнде 30 пайызы орындалды. Осы магистральдың ұзындығы 308 километр. Соның 109-ы қазір бітті. Бұл жоба Маңғыстау облысына өте маңызды. Бұл жерде бірнеше проблемалар шешілейін деп тұр. Біріншісі - қазіргі газ құбыры 40 жылдың үстінде пайдаланылып келе жатыр. Өңірді үздіксіз газбен жабдықтау үшін осы екінші құбыр керек.
Былтыр Маңғыстауда тұтынылған көгілдір отынның көлемі 2,8 млрд текше метрге жетті. Бұл республика бойынша газ тұтыну көрсеткішінің 19%-ына тең. Аймақта ірі жобалар жүзеге асып жатқанын ескерсек, жалпы қажеттілік 6,9 млрд текше метрге жетіп отыр. Ал қолданыстағы магистральды құбыр 3,1 млрд текше метр газ өткізе алады. Жаңа желі іске қосылғанда жылына қосымша 5,8 млрд текше метр газ өтіп, сұранысты артығымен өтеуге мүмкіндік туады.
Роман Пелевин, "Электро-ХСБМ" ЖШС өкілі:
- Дәнекерлеу аяқталған соң, оқшаулау жұмыстары басталады. Бұл бағытта 61 шақырымды еңсердік. Бұдан соң құбыр ор ішіне салынады. Қазір 20 шақырым бойынша жұмыс толық бітіп тұр.
Екінші жоба - «Жаңаөзен-Жетібай-Ақтау» магистральды газ құбырының үшінші тармағын толық жөндеу. Оның құрылысы 93% орындалды. 286 құбырдың 246-сы жаңарып, тазарту құрылғысының 6 камерасы ауыстырылды. Қазір сынақ жұмыстары жүріп жатыр.
Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев