Halyk Bank цифрлық құралдар көмегімен экология мәселесін шешуге ден қойған

Экология, әлеумет және корпоративті басқарудың озық үлгісі.

Бүгінде Халық Банк халықаралық қағидасын берік ұстанған қаржылық ұйым ретінде танылды. Банк цифрлық құралдардың көмегімен экология мәселесін шешуге ден қойған. Жемісті жетістікке қол жеткізген қаржы ұйымы Best Green Investment Bank жүлдесімен марапатталды.

Алты миллион 300 мың қолданушы. Бұл HALYK BANK-тің ұялы қосымшасын пайдаланатын клиент саны. Соңғы жылдары қаржылық ұйым банк жүйесін цифрландыруды үдеткен. Нәтижесінде тың сервистер іске қосылып, пайдасын қалың жұрт көріп жатыр.

Жұмабек Мамытов, Halyk Басқарма төрағасының орынбасары:

- Бүгінгі таңда біз іске қосқан, өзге ұялы қосымшалардан айтарлықтай ерекшеленетін сервистерді атап өтер едім. Соның бірі Халық инвест. Осы сервистің көмегімен әр қазақстандықтың инвестор атанып, жаңа тәжірибе жинауға мүмкіндігі бар.

Банк бүгінде экология, әлеумет және корпоративті басқарудың халықаралық қағидасын берік ұстанған. ESG қағидатының 2022-2024 жылдарға арналған стратегиялық жоспарға енгізілгені осының дәлелі.  

Мұрат Көшенов, Halyk Басқарма төрағасының орынбасары:

- 2021 жылғы аралық нәтиже көрсеткендей, жұмыста қолданылатын қағаз мөлшерін 30 пайызға қысқарттық. Сол сияқты цифрландырудың көмегімен банк карталарын жасауға кететін пластик мөлшерін де 6 пайызға азайттық. Осылайша бір жылда СО2-нің бөлінісін 6 пайызға қысқарта алдық. 

HALYK BANK елдегі ең алғашқы жасыл несие ұсынған қаржылық ұйым. Бұдан бөлек «Халық финанс» қосалқы компаниясы корпоративті клиенттерге жасыл облигацияларды, ал Даму қорына әлеуметтік облигацияны ұсынған. Еткен еңбек еш кетпеді. Astana Financial Days форумында HALYK BANK Best Green Investment Bank жүлдесіне ие болды.

Бақыт Топтаева, Ерлан Наурызбаев