Шымкентте фармацевтикалық ғылыми-зерттеу орталығы салынады

Шымкентте дәрілік препараттардың өндірісін ұлғайтуға арналған ғылыми-зерттеу орталығы салынады.

Бірегей жобаны Polpharma /Полфарма/ тобына тиесілі Santo фармацевтикалық компаниясы жүзеге асырады. Сала мамандары әлемнің озық үлгісіндегі кешенді келер жылы іске қосамыз, - дейді. Нәтижесінде толық өндірістік цикл құрылып, дәрі-дәрмектің жаңа түрін шығаруға мүмкіндік туады. Сондай-ақ дәрілік заттарды зерттеу мен қауіпсіздік сараптамалары жасалады.

«Santo» сауда белгісімен танылған «Химфарм» зауыты заман талабына сай өнім шығарып, халық сұранысын қамтамасыз етуге қашанда дайын. Бұған дейін сырттан тасымалданған дәрілік заттар енді осы жерде өндіріледі. 

Рустам Байғарин, "Химфарм" АҚ Бас директоры:

- Бұл Қазақстан бойынша ең үлкен заманауи кешен болмақ. Өндірілген өнімнің сапасын жіті бақылап, ғылыми-зерттеу жүргізуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ дәрі-дәрмекті әзірлеу алаңдары құрылып, оңтайлы жағдай жасалады.

Мамандар заманауи кешен пайдалануға берілген кезде дәрі-дәрмек өндірісінің әлеуеті артады,-дейді. Сәйкесінше ішкі нарық импортқа тәуілділіктен құтылады. Сондай-ақ сапалы емді қажет ететін науқастардың қажеттілігі өтеледі. 

Мемлекет басшысына Бақылау кеңесінің төрағасы Ежи Старак ауқымды жобаны таныстырды. Ел Президенті 10 жылдан бері отандық фармацевтиканың дамуына серпін берген Polpharma тобына ризашылығын білдірді. Жаңа жобаны жүзеге асыруда сәттілік тілеп, қолдау көрсетілетінін жеткізді. 

Ежи Старак, "POLPHARMA SA" компаниясы бақылау кеңесінің төрағасы:

- Президент жергілікті өндіріске өте жақсы қолдау көрсетеді. Себебі фармацевтикалық қауіпсіздік өте маңызды. Пандемия осыны дәлелдеп берді. Қазір зауыттан шығатын әрбір үшінші препарат қатерлі дерттерді емдеуге арналып отыр. Біз еуропалық уәкілетті органға JMP сертификатын алуға өтінім бердік. Бұл еуропалық фармацевтикалық стандарт біз үшін маңызды. 

Компания бірегей жобаны жүзеге асыру үшін 12 миллион доллар инвестиция салды. Бұйырса, жаңа ғылыми - зерттеу орталығы 2024 жылы іске қосылады. Ал зауыттан шыққан отандық дәрі-дәрмектер Қырғызстан, Ресей, Өзбекстан мен Моңғолияға экспортталады.

Нұрсұлтан Мұхамеджан, Самат Нағашбекұлы, Нұрмахан Бекмұратов