Секонд хендтен киіну трендке айналды
Секонд хендте сауда жасау әлемдік трендке айналды.
Стилистердің сөзінше, киілген киімдерді қайта пайдалану қалтаға күш түсірмейді, қоршаған ортаға да пайдалы. Ұсталған заттардың экономикада өз орны бар. Мысалы, Қазақстан соңғы үш жылда сенконд-хенд экспортын 60 есе арттырып, сыртқа 52 мың тоннадай тауар жіберген. Киілген киімдердің 90% Тәжікстанға экспортталған. Ал біздің елге мұндай өнімдер қайдан келеді? Пайдаланылған заттарды сату қаншалықты тиімді?
Алина Капарованың астанада сэконд-хенд ашқанына 17 жыл болған. Ол Еуропадан ұсталған киімдерді алғызып, осында сатады. «Алушылар көп. Ай сайын келетіндер бар. Сэконд-хендте 300 мың теңгеге сауда жасағандар да болды» дейді кәсіпкер. Мұндай дүкендердің барын Алина 90-шы жылдардың соңында білген. Содан бері осы салаға бет бұрып, кәсіпке айналдырған.
Алина Капарова , секонд-хенд иесі:
- 10 жыл бұрын біз кез келген киімді әкелетін едік. Бәрін араластырып алып сата беретінбіз. Қазір олай емес. Еуропалық киімдер алты санатқа жіктеледі. Бір киіюге келетіннен бастап, этикеткасы бар жаңасына дейін, бәрі бар. Секонд-хендте тіпті люкс санатындағы қымбат брендтерді де табуға болады.
Стилистердің сөзінше, «сэконд-хенд ақшасы аз адамдар баратын, арзанқол заттарға толы дүкен» деген ескі түсінік. Қазір жағдайы жақсы жандардың өзі осында келіп, киім алады.
Айзат Алишева, стилист:
- Қазір экологиялық таза өнімдер сұраныста. Адамдар синтетикасыз, табиғи шикізаттан тігілген киімдерді іздеп жүріп алады. Бір жағынан олар аллергия тудырмайды, әрі сапасы жақсы. Екінші жағынан экологияға да пайдалы. Мен стилист болып жұмыс істеймін. Клиенттерге және өзіме заттар керек кезде сэконд-хендке жиі келемін. Қымбат брендтерді де кездестіреміз. Мысалы, қызыма мына гучидің аяқ киімін сэконд хендтен алдым.
Киілген киімдер Қазақстанға жеткенге дейін термомиялық өңдеуден өтеді. Кейін оларды сұрыптап, санаттарға бөліп сатады. Сэконд-хенд иелері өздеріне сай өнімдерге тапсырыс береді. Алайда, оның бәрі сатылымға шықпайды, арасында қолдануға келмейтіндері де болады. Ұсталған заттардың көбі Қазақстанға еуропадан импортталады. Бірақ олардың үлесі бізден экспортталатын сэконд-хенд тауарларына қарағанда әлдеқайда аз.
Айнұр Сартаева, ҚР Мемлекеттік кірістер комитетінің ресми өкілі:
- Пайдаланылған киімдер және өзге де бұйымдардың экспорты бойынша, елімізден бірқатар елдерге сыртқа тауралар шығарылған. 2022 жылдың қорытындысымен жалпы кедендік құны 2,3 миллион АҚШ долларын құрайтын салмағы 52 мың тоннаға жуық осындай тауарлар экспортталған. Ал 2023 жылдың 5 айының қорытынсы бойынша 636 мың АҚШ доллары кедендік бағасын құрайтын 16,8 мың тонна осындай тауарлар экспортталған.
ГРАФИКА 1.
Секонд-хенд бұл үлкен бизнес. 2021 жылы пайдаланылған киімді экспорттаушылар тізімін Қытай мен АҚШ бастап тұрды. Бұл әр елге 800 млн доллардан артық табыс әкелді. 2022 жылы әлемдік рейтингтегі көшбасшы өзгерді. Өткен жылы АҚШ секонд-хенд экспорттаудан $953 миллион табыс тауып, Қытайдан ($868 млн) озып кетті.
Секонд-хенд экспорттаушылардың табысы
2021 жыл: Қытай $852 млн, АҚШ $831 млн
2022 жыл: АҚШ $953 млн, Қытай $868 млн
ГРАФИКА 2.
Ал Қазақстанға ұсталған киімді негізінен Еуропа елдері жеткізеді. Өткен жылы импорттың жалпы көлемінің жартысынан көбі Нидерланды (24,5%) мен Германияға (30,9%) тиесілі болды. Импорттаушылар арасында үшінші орында - Ресей (11,7%). Сондай-ақ Қазақстан мұндай тауарды Бельгия, Финляндия, Литва және Беларусь елдерінен сатып алады.
Қазақстанға секонд-хенд тауарлары қайдан келеді?
Нидерланд 24,5%
Германия 30,9%
Ресей 11,7%
Секонд хендтерде сауда жасау әлемдік трендке айналып барады. Әлеуметтік желіде арнайы парақша ашып, шопингтің осы түрін ұсынатын жастар мен блогерлер көп. Олар ұсталған киімдерді сұрыптап, өз стиліне сай пайдаланады. Ал сарапшылар танымал брендтер осы үрдіске қосылса деп үміттенеді. Өйткені тұрмыстық қатты қалдықтарды азайтып, қоршаған ортаны қорғау қазір басты назарда.
Ғазиза Мұхамеджанова, Ербол Дайыров, Мейрам Жүнісов