Қазақ-Әзербайжан арасында 10 құжатқа қол қойылды
Қазақстан мен Әзербайжан өзара тауар айналымын 1 млрд долларға жеткізуді жоспарлап отыр.
Үкімет басшысы Әлихан Смайылов бауырлас мемлекетке ресми сапармен барып, 10 құжатқа қол қойды. Енді екі ел арасында сауда, көлік және логистика, энергетика, ауыл шаруашылығы салаларындағы байланыс артады. Сапар кезінде Транскаспий дәлізінің болашағы да талқыланды.
Былтыр Қазақстан мен Әзербайжанның екіжақты тауар айналымы 40%-ға өсіп, 460 млн долларға жетті. Биылғы көрсеткіш те жаман емес. 4 айда құны 185 млн доллар тұратын тауарға алыс-беріс жасалды Каспийдің арғы бетіндегі бауырлас елмен байланыс одан әрі нығая түспек. Қос тарап миллиардты меже тұтып отыр. Үкімет басшысы Әлихан Смайылов пен Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиевтің кездесуінде тауар айналымын 1 млрд долларға жеткізу талқыланды.
Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрі:
- Әзербайжан еліміздің Оңтүстік Кавказдағы ең маңызды сауда-экономикалық серіктесі. Былтырғы жылдың қорытындысы бойынша екіжақты тауар айналымы $460 млн-нан асты. Жалпы екі ел арасындағы байланыс сенім мен түсіністікке құралған. Бұл көпке үлгі үрдіс.
Одан әрі Премьер-министр әзербайжандық әріптесі Әли Асадовпен кездесіп, құны 300 млн доллардан асатын 100 тауарды жеткізуге дайын екенін жеткізді. Бұл ретте Транскаспий халықаралық көлік бағытының әлеуетін толық пайдалану маңызды. Өйткені осы бағыт бойынша тасымалданған жүк көлемі жыл басынан бері 1 млн тоннадан асып, өткен жылмен салыстырғанда 64%-ға өсті. Салаға серпіліс беру үшін қос тарап бағытты одан әрі дамыту үшін бірлескен логистикалық компания құру туралы келісімге келді. Бүгін оған Қазақстан мен Әзербайжан қол қойды, жақын арада аталған шартқа Грузия қол қояды деп күтілуде.
Марат Қарабаев, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі:
- Компанияның орталығы АҚО-да болады. Яғни, Астанада компанияның орталығы болады. Ол компанияның басты міндеті – Қытай мен Еуропа арасындағы тасымалдауды біріңғай ретке келтіру және оны мүмкіндігінше ыңғайландыру. Мысалы былтыр жүктерді жеткізу мерзімі 53 күн болған, бүгінде ол 18-23 күнге дейін қысқартылған.
Екі ел арасындағы әуе рейстерінің саны да ұлғаяды. Бұрын компаниялар үшін әуе рейстері аптасына 32-ден аспауға тиіс еді. Енді бұл шектеу 42 рейске дейін көбейді. Жалпы, барлық саланы қамтитын ұзыр-ырғасы 10 келісімге қол қойылды.
Авторы: Бекзат Аманов