Ақтөбе облысында суармалы алқаптар кеңейтіліп жатыр
Ақтөбе облысында суармалы алқаптар аумағы ұлғайтылып жатыр.
Ойыл ауданында жергілікті шаруалар жаңбырлатып суару технологиясын игеруге көшті. Заманауи техниканы биыл 100 гектарға жоңышқа еккен үлгілі серіктестік қолдана бастады. Суармалы егіске арналған құрылғы ауданға алғаш рет әкелінді. Алдағы уақытта тағы төртеуі жеткізіледі. Бұл жобаға мемлекет тарапынан қолдау көрсетілген. Жалпы кейінгі екі жылда суармалы дәнді-дақыл мен мал азығын өсіруші қожалық саны 11-ге жетті. Келер жылы тағы бірнешеуі екпе шөп өсіруді қолға алмақ. Ойыл табиғаты ыстық, жері шөлейтті өңірдегі аудандардың бірі. Сондықтан да тың тәжірибе шаруалар арасында кеңінен насихатталады.
Абыл Сатаев, шаруа қожалығының басшысы:
- Бұның 50 процентін мемлекет субсидия ретінде бізге қайтарып берді. 85-90 гектарды суарады мына құрылғы жалғыз өзі. Соны 3-4 жылдың ішінде осы аумақта біз 300 гектарлық суармалы егістік ұйымдастыру жоспарымыз бар.
Абат Мүбараков, Ойыл аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:
- Бізде аудандардың ішінде жердің балбаниясы төмен осы Ойыл ауданы. Бізде, мысалы, жердің құнарлылығы 11 пайыз деп тұрмыз. Сондықтан биыл міне шаруашылықтарға түсіндіріп, мына суармалыға ауысып жатырмыз.