Жаңаөзендегі тексеріс нәтижесі жарияланды
2 ай бұрын Астанадан Жаңаөзенге барған арнайы жұмыс тобы мұнай өндіруші және сервистік кәсіпорындардағы тексеріс қорытындысын жариялады.
«ҚазМұнайГаз» компаниясы қызметкерлерінен құралған топ «Өзенмұнайгаз» мекемесінің барлық бөлімшелері, 8 сервистік ұйым мен 43 мердігер компанияның қаржы-шаруашылық қызметін талдаған. Қазіргі уақытта 118 заңбұзу дерегі анықталып отыр. Соның ішінде 7 іс құқық қорғау органдарына жіберілді. Тағы 10 дерек бойынша қызметтік тергеу жалғасып жатыр. 101 дерекке қатысты жауапты тұлғаларға тәртіптік жаза қолданылады. Қазіргі уақытта өндіріске келген шығын көлемі есептеліп жатыр.
Әділ Балтабаев, "ҚМГ" арнайы жұмыс тобының мүшесі:
- Мұнай кәсіпорнына жалған түрде сырттан жұмысшылар жалдағаны жайлы ақпарат тексерілді. Бұдан компанияға 47 млн теңгеге жуық шығын келген. Мұнай мекемесі мен «БерАли Маңғыстау Company» серіктестігі арасында жасалған келісім-шарт бойынша орындалған жұмыстар тексерілді. Бұл жерде жұмыс уақыты шамадан тыс көрсетіліп, нәтижесінде 97 млн теңге артық төленген болып шықты. Компанияда бос орындарға адам алу алгоритмінің бұзылғаны туралы Жаңаөзен прокуратурасына хабарланды.