Қазақстан мен Грузия Транскаспий халықаралық көлік дәлізін дамытуға мүдделі

Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың Грузияға сапары аясында қос елдің Үкімет басшылары түрлі сала бойынша меморандумға қол қойды.

Әлемдегі геосяси  жағдай ушығып тұрған шақта жаңа мүмкіндіктер қарастыру заман талабы.

2022 жылдың қорытындысы бойынша екі ел арасындағы тауар айналым 7 есеге өсіп, рекордтық көрсеткіш - 600 млн долларға жетті. Динамикалық өсім мұнымен шектелмейді. Үкімет басшысы транзиттік-көлік саласының маңызды рөлін атап өтті, өйткені екі мемлекеттің аумағы арқылы ірі трансконтиненталды көлік дәлізі өтеді. 

Әлихан Смайылов, Қазақстан Республикасының премьер-министрі:

- Қазақстан мен Грузия Еуропа мен Азия арасындағы транзитті қамтамасыз етуде маңызды роль атқарады. Бұл үдерісте Транскаспий халықаралық көлік бағытына ерекше назар аударылады. Өткен жылы осы бағыт бойынша жүктерді ауыстырып тиеу екі есеге, контейнерлерді тасымалдау 30%-ға ұлғайды. Бүгінгі таңда оң динамика сақталуда. Біз жүк тасымалдау көлемін 10 миллион тоннаға дейін жеткізуге мүдделіміз. 

Сапар аясында бірлескен логистикалық кәсіпорын құру және оның негізгі қағидаттары туралы үшжақты келісімге қол қойылды. Бұл Қазақстан, Грузия және Әзербайжан арасындағы Меморандум. Ол тарифтік саясат, жүктерді өңдеу және көлік процесін жеңілдетумен айналысады. Грузия Премьер-министрі де Орта дәліздің маңыздылығына тоқталды. Себебі бұл жол арқылы Қытай, Қазақстан, Каспий теңізінің акваториясы, Әзербайжан, Грузия және одан әрі Түркия мен Еуропа елдеріне жүк тасымалданады.

Ираклий Гарибашвили, Грузия премьер-министрі:

- Қос тарап үшін қашан да маңызды болған тақырып - Орта дәліз. Грузия, Әзербайжан және Қазақстан ынтымақтастықты одан әрі дамытатады. Орталық Азия елдері мен Қытай үшін маңызды Орта дәліз бағыты арқылы жүк тасымалын арттыру - біздің мақсатымыз. 

Ираклий Гарибашвили инфрақұрылым жоспарымен бөлісті. Грузияда биыл Анаклияның алғашқы теңіз портында құрылыс басталады. Қазақстан Грузиямен бірлесіп Каспий-Қара теңіз бассейніндегі жобаларды  дамытуға дайын. Келіссөздер қортындысына сай қос ел үкімет басшылары экономикалық байланыстарды тереңдетуге уағдаласты.  

Юлия Тужилкина, Шалва Сурамелашвили