Алматыдағы базарлардың өкілдері модернизациялау уақытын қайтадан ұзартуды сұрады
Алматыдағы базарлардың өкілдері үкіметтен модернизациялау уақытын тағы бірнеше жылға созуды сұрап отыр.
Кәсіп иелері өз уәжін айтып, арнайы брифинг ұйымдастырды. Бұған дейін Сауда және интеграция вице-министрі Арман Шаққалиев талапқа сай жаңартылмаған базарлар жұмысын тоқтатуы мүмкін деген. Екі тараптың да айтары бар.
Елімізде ірі базарларды модернизациялау жұмысы 2015 жылы басталып, жол картасы жасалды. 8 жылда ескі базарлардың 30 пайызы ғана заманауи талапқа сай жасақталған. Жоспар бойынша үкімет енді 3 жылда жаңғырған базарлардың үлесін 70 пайызға жеткізбек. Алайда базарлардың жартысынан көбі күрделі құрылысқа дайын емес екен. Сондықтан олар үкіметтен модернизация жасаудың уақытын тағы ұзартуды сұрап отыр. Вице-министрдің талапқа сай келмейтіндері жұмысын тоқтатады деген сөзімен келіспейтіндерін айтады.
Жасұлан Ахметов, базар өкілі:
- Бұл дегеніміз саудагерлер мен базар иелері кәсібінен айырылады, мемлекетке салық түспейді деген сөз. Біз модернизацияға қарсы емеспіз. Негізгі мердігермен келісім-шарт жасалды. Құрылыс материалдары сатып алынып жатыр. Біздің жобамыз мемлекеттік органдарда қарастырылуда. Кезең кезеңімен жасаймыз. Бірақ жалға алушылардың да мүддесін ұмытпауымыз қажет. Қазіргі геосаяси, экономикалық жағдайды ескере отырып модернизация уақытын 2030 жылдың соңына дейін ұзартуды сұраймыз.
Жоспар бойынша 74 базар жаңартылуы керек. Оның елуден астамы Алматыда орналасқан. Соның 27-сі ғана жаңа форматқа көшіпті. Қалғандары дайындық үстінде. Осыған дейін үкімет модернизация жұмысы 2024-2025 жылдарға дейін жалғасатынын айтқан. Базарды қысқа уақытта жаңалауға кәсіпкерлердің қауқары жетпейді. Оған қоса, кейбір базарлар орналасқан жер телімдерінің заңды мақсаты нақтыланбаған.
Жамиля Төленова, заңгер:
- Қалада модернизацияны бітіруге кедергі болатын 2 жайт бар. Біреуі жерге деген құқық анықталмаған. Оны әкімдік бермей отыр. Екіншісі, ол базарды салып бітіруге елдің қаражаты жетпейді. Егер 3 мегаполисті модернизацияға қойған болса, мемлекет тарапынан көмек қайда? Субсидиялар қайда?
Ал Сауда және интеграция министрлігі болса, кәсіпкерлер жағдайды әсірелеп отыр,-дейді. Үкімет кәсіпкерлерді қорқытып отырған жоқ, алайда арқаны кеңге салып қарап отыруға да болмайды,-дейді.
Ғалия-Бану Мейірбаева, ҚР Сауда және интеграция министрлігі сауда комитеті төрағасының орынбасары:
- Бүгінде министрлік тарапынан базарларды жабу туралы мәселе жоқ. Министрліктің мақсаты - заманауи базарлар үлесін 70 пайызға жеткізу. Әзірге бар болғаны 30 пайыз ғана. Модернизация мерзімін тағы бірнеше жылға созу туралы сұрақ жиі қойылады. Осыған дейін мерзім ұзартылған кезде кәсіпкерлерге бұл соңғы рет екені айтылып, келісілген болатын. Сондықтан үздіксіз соза алмаймыз.
Мәселені шешу үшін жауапты министрлік және «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының өкілдерімен бірге жұмыс тобы құрылған. Мақсат оң шешім тауып, базарларға субсидия беруді қарастыру. Алайда, модернизация мерзімінің өзгеретіні немесе өзгермеуі әзірге белгісіз.
Аршын Кемелжан, Сержан Жұмабаев