Қазақстан 2030 жылға таяу жасыл энергия үлесін арттырады

Қазақстан 2030 жылға қарай жаңартылатын энергия көздерінің үлесін 15 пайызға дейін арттыруды жоспарлап отыр.

Бұл туралы Үкімет басшысы Әлихан Смайылов Астанада өткен «Қазақстан-Еуроодақ» диалог платформасының 12-отырысында айтты. Премьер-Министр Еуропалық Одақпен әріптестікті кеңейту Қазақстан үшін басым бағыттың бірі екенін атап өтті. «Еуропа елдерінің баламалы энергия саласындағы тәжірибесі мен жетістіктерін ескере отырып, біз бірлескен жаңа жобаларды іске асыруға мүдделіміз» - деді Әлихан Смайылов. Бұл бағытта Маңғыстау облысында «жасыл» сутегін өндіру бойынша Svevind компаниясының ірі жобасы іске қосылды. Премьер-Министр транзиттік-көлік ынтымақтастығы саласында Транскаспий халықаралық көлік бағытының рөлі артып келе жатқанына да тоқталды.