Қытайда қазақстандық тауарларға сұраныс көп
Қытайдағы электронды сауда алаңында қазақстандық өнімдерге сұраныс артты.
Биыл мамыр айында президент Қасым-Жомарт Тоқаев көрші елге сапары кезінде ұлттық павильонымызды ашқан еді. Сапалы өнімдеріміз дүкен сөрелерінде көп тұрмайды. Жұрт жаппай алып кететін көрінеді.
Онлайн ұлттық павильонымызда ұн, өсімдік майы, түйе сүті, шай сияқты 20 шақты өнім сатылады. Жергілікті тұрғындардың қазақстандық тауарларға деген ықыласы ерекше.
JD электрондық сауда алаңында қазақстандық павильонның ашылғанына 1,5 айдай болды. Оны құрған қытайлық бірлестік әлемдегі 500 ірі компанияның ішінде 46-шы орында тұр. Онлайн дүкеннің тұтынушылары 600 миллионнан асады.
Чжан Цзянь, компания басқармасының төрағасы:
- Қазақстандық павильон ашыла салысымен тауардың 80 пайызы 1 сағаттың ішінде сатылып кетті. Қазір қазақ өнімдері бөліміне жазылушылар саны 110 мыңға жуықтады. Біз келешекте ол өнімдерді осы павильонда ғана емес компаниямыздың өзге дүкендеріне сата аламыз.
Бірлестіктің электрондық сауда алаңында 50-ден астам елдің павильоны бар. Компания өкілдері импорттық тауарларды сатып алғысы келетін тұрғындар қарасы артып келе жатқанын айтады. Бұл таурлардың табиғи таза болуынан дейді мамандар.
Е Вэй, JD Group компаниясының вице-президенті:
- Біздің алаңымызда сатылатын қазақстандық өнімдердің арасынан құрғақ түйе сүті мен ұнды ерекше атап өткім келеді. Қытайда түйе сүті нарығы тез дамып келеді. 9 жыл бұрын оның көлемі 9 миллиард юань еді. Биыл 20 миллиардтан асты. Бірақ өнім тапшы. Қазақстаннан келетін түйе сүті осы сұранысты толтырып жатыр. Ал қазақстандық ұн дәмді әрі экологиялық таза деп саналады.
Қытайда электронды сауда нарығы 31 триллион юаньннан асады. Бұл саладағы ынтымақтастықты кеңейту екі ел арасындағы тауар айналымын ұлғайтуға мүмкіндік береді.
Дәурен Ақашұлы, Ботагөз Сырғабаева