Шымкенттегі зауыт АИ-95 бензинін өндіре алмай жатыр

Шымкент мұнай өңдеу зауытында мұнай өнімдерін жөнелту кестеге сәйкес жүріп жатыр.

«ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының хабарлауынша,  кәсіпорын тәулігіне 3 мың тоннаға дейін бензин, 2,5 мың тонна дизель отынын шығарады. Қазір елімізде тек осы зауыт жұмыс істеп тұр. Алайда екі ай бұрын жоспарлы жөндеуден өткен кәсіпорынның қарқыны бәсең. Жылу алмастырғыш қондырғы істен шығып, АИ-95 маркалы бензинді өндіре алмай жатыр. Жабдықты ауыстырмаған жағдайда шығын үш есеге көбейеді. Сондай-ақ, октанды жоғарылату қоспасы да көп жұмсалады, дейді мамандар. Зауыт өндірісіне қажетті қондырғы Ресейде ғана шығарылады екен. Бағасы шамамен 10 миллион доллар тұрады. Жұмысты тоқтатпау үшін өнімді жартылай өңделген қалпында қоймада сақтауға тура келеді. Ал қондырғыны ауыстыруға шамамен қанша уақыт кететінін әлі ешкім дөп басып айта алмай отыр, деп хабарлайды, "ҚазМұнайГаз" Ұлттық Компания басшысының орынбасары.

Дмитрий Макеев, "ҚазМұнайГаз" ҰК АҚ Басқарма төрағасының орынбасары:

- Бүгінгі таңда жылу алмастырғыш қондырғысын қысқа мерзімде қалпына келтіруге дайындықты өткіздік. Қазір ел бойынша мұнай өнімдерінің мол қоры сақтаулы тұр. Жаңартылған мәлімдеттер бойынша АИ-92 маркілі бензиннің 350 мың тоннадан астам қоры бар. Ал АИ-95 шамамен 102 мың тонна, дизель отынының 520 мың тоннасы бар. Бұл болжам бойынша 25-30 тәулікке жетеді. Тағы айта кетерлігі Шымкент мұнай өңдеу зауытында жұмыс жалғасып жатыр. Қалыпты өндіріс режимін сақтап тұр. Ал істен шыққан қондырғы жөндеуден өтсе жинаулы тұрған жартылай өңделген өнімдер қайта өңделеді.