Еуропалық компаниялар Қазақстанның кен байлығын игеруге атсалысуға дайын
Отандық өндіріс орындары үшін бұл инвестиция, заманауи технология мен білікті маман тартуға таптырмас мүмкіндік.
Ал ЕуроОдақ елдері үшін мұндай әріптестік жасыл энергетиканы дамыта отырып, өз экономикасын әртараптандыруға мүмкіндік бермек. Өйткені, Қазақстан жаңғыртылатын энергетикаға ауадай қажет минералдар мен металдарға бай. Бүгін Астана халықаралық қаржы орталығында ЕуроОдақ пен Қазақстанның бизнес серіктестігін дамытуға арналған форум өтті. Екіжақты ынтымақтастықты нығайтуға арналған іс-шараға шетелден 50-ге жуық сарапшы қатысты.
Ілияс Оспанов, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі:
- Еуропалық Одақпен сирек металл өндіру саласында әріптестікті дамыту туралы келісімге қол қойылған. Мұндай шикізат жаңғыртылатын энергетикаға қажет. Осы келісімнің аясында атқарылатын іс-шараның жол картасы қабылданған. Яғни, бірқатар еуропалық компания Қазақстанда жұмыс істейтін болады.
Кестутис Янкаускас, Еуропалық Одақтың Қазақстандағы елшісі:
- Соңғы үш күннен бері Еуродақтың 16 мемлекетінен келген 22 компания өкілдерімен Өскеменге барып, сол жақтағы өндіріс орындарымен таныстық. Шығыс Қазақстанның техникалық университетіне бардық. Ондағы өндіріске қажетті маман даярлығын көрдік. Бүгінгі іс-шараға тағы да бірқатар компаниялар қосылды. Олар да жаңартылатын энергетика саласында әріптестік орнатуға мүдделі. Осы ретте шикізат пен тәжірибе алмасуда Транскаспий дәлізінің маңызын айта кету керек. Баламалы тасымал жолдарының ішіндегі ең оңтайлысы осы.