Еліміздегі базалық мөлшерлеме 16,75% деңгейінде сақталады
Ұлттық Банктің Ақша-кредит саясаты комитеті осындай шешім қабылдады.
Бұл туралы бүгін Ұлттық Банк төрағасы мәлімдеді. Ғалымжан Пірматовтың айтуынша, инфляцияның жылдық және айлық мәні төмендеп келеді. Жылдық инфляция маусым айында 14,6%-ті құрады. Ал айлық инфляция 0,5%-ке дейін баяулаған. Дегенмен инфляцияның төмендеу қарқыны әлі де әлсіз. Жанар-жағармай мен тұрғын үй-коммуналдық қызметтер бағасы көтерілсе, тиісінше инфляциялық өсім де күтіледі.
Бұдан бөлек, базалық мөлшерлеме деңгейін сақтауға ел ішіндегі экономикалық процестер де ықпал етті. Мәселен, биыл 5 айда экономика 4,5%-ке өсті. Алайда халық кірісінің төмендігі тұтынушылық сұранысты тежеп отыр. Сондай-ақ Ұлттық Банк сыртқы экономикалық факторларды есепке алған.
Ғалымжан Пірматов, ҚР Ұлттық Банкінің төрағасы:
- Жоғары инфляциялық күтулер – инфляцияның төмендеуін тежейтін факторлардың бірі. Дегенмен оның жоғары және тұрақсыз динамикасының сақталуы жанар-жағармай мен тұрғын үй-коммуналдық қызметтер бағасының өсуімен байланысты. Біз оны базалық мөлшерлеме бойынша шешімдер қабылдау кезінде алдын-ала ескердік. Алдағы 1 жылға күтілетін инфляцияның медианасы маусым айында 17,2%-ке дейін көтерілді. Сезілетін инфляцияның көрсеткіші 18,8%-ке дейін төмендегенімен, әлі де жоғары қалпында қалып отыр.