Үкімет МАЭК құрал-жабдығын жаңартуға 4,9 млрд теңге бөледі
Үкімет Маңғыстау атом энергетикалық комбинатының құрал-жабдығын жаңғыртуға 4,9 млрд теңге бөледі.
Кәсіпорындағы №1 энергоблок жұмысы 3 шілдеде тоқтап, салдарынан Маңғыстау және Атырау өңіріндегі елді мекендер мен өнеркәсіптік нысандар жарықсыз қалған болатын. Апат салдарын жою жұмыстары әлі де жалғасып жатыр. Бүгін Премьер-министр Әлихан Смайылов Ақтауға жұмыс сапарымен барып, стратегиялық маңызды нысан қызметін қалпына келтіру жұмыстарымен танысты.
Энергокомбинат 1960 жылдары қолданысқа берілген. Бүгінде құрал-жабдығының 80%-і тозып тұр. Президент Ақтауды тіршілік нәрі, ток әрі жылумен қамтып отырған кәсіпорынды жедел түрде жаңғыртуға тапсырма берген болатын. Өңір бюджетінен 2,6 млрд теңге бөлініп, электр станциясы мен теңіз суын тұщыту қондырғыларының ескірген бөлшегін ауыстыруға жұмсалуда. Үкімет басшы апат салдарын жою бойынша атқарылып жатқан жұмыстармен танысты. Жоспар бойынша №1 энергоблок 7 шілдеде толық жұмыс қуатына шығуы тиіс.
Әлихан Смайлов, ҚР Премьер-министрі:
- Мемлекет басшысының тапсырмасымен тиісті мемлекеттік комиссия құрылды. Және осы апатты жағдайдың себептерін және соған себепкер болған адамдарды қазір анықтау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Өткен аптада біз Үкіметте тиісті шешім қабылдадық. 4,9 млрд теңгені бөлу мәселесіне шешім қабылдадық. Осы қаражатқа осы энергетикалық жабдықтар жаңғыртылатын болады. Енді әкімдіктің жұмысы және осы мекеме менеджментінің жұмысы осы қаражатты тез арада тиімді пайдаланып, жабдықтарды жаңғыртып, осы маэктің жұмысын тұрақты түрде қамтамасыз ету.
Бұдан соң премьер-министр «Каспий» су тұщыту зауытына барды. Тәулігіне 20 мың шаршы метр су шығаратын кәсіпорынды модернизациялаудың ІІ кезеңі жүріп жатыр. Өндіріс орны биыл күзде жұмыс қуатын 2 еселемек. Қазір құрылыстың 80 пайызы орындалған.
Нұрлыбай Аққұлов, зауыт директоры:
- Осы жаздың ішінде барлық технологиялық жабдықтарының келуі күтілуде. Әлемнің әртүрлі мемлекеттерінен келеді. Жасаушы зауыттарға барлық тапсырыстар беріліп, олар дайындап басы келіп жатыр. Қаражаттың жетпеуі мәселесі бар. Соны Үкімет басшысына біз айттық. Қазір жетпейтін 5 млрд теңгесін бөлуге қолдау көрсететінін айтты.
Кәсіпорын қуатын арттыруға бұған дейін республикалық бюджеттен 12 млрд теңге бөлінді. Соның 8 млрд теңгесі игерілген. Зауыт тәулігіне 40 мың текше метр су шығарған жағдайда Мұнайлы, Қарақия және Түпқараған ауданында ауыз су тапшылығын шешуге мүмкіндік береді.
Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев