БҚО шаруалары мол жиналған су қорын киіктерге жіберуге келіспей отыр
Биыл Батыс Қазақстан облысының Жаңақала ауданындағы өзен-көлдерде су молынан жиналды.
Осылайша соңғы уақытта тіршілік нәрінен тарыққан шаруалар үшін қолайлы жағдай туды. Жергілікті билік осы суды ирригациялық жүйенің төменгі ағысында жатқан Қамыс-Самар өлкесіндегі ескі суаттарға жіберуді ұйғарған. Бұл киіктердің байырғы мекенін қалпына келтіруге септігін тигізеді, дейді олар. Ал шаруалар бұл шешімге қарсы. Себебі онсыз да әрең жиналған судан тағы айырылып, қуаңшылық қайталана ма деп үрейленеді.
Жаңақала ауданындағы өзен-көлдер мен каналдардың арнасы суға, жағасы малға толы. Жайылмаларға шыққан тіршілік нәрі де сол кейпінде.
Еркебұлан Смадияров, тілші:
- Жаңақала ауданына тиіп тұрған мына көлдің орнында соңғы бірнеше жылда бір тамшы су болған жоқ. Енді міне биыл қайта қалпына келген. Су толды, балығы тайдай тулап жатыр, қамысы қаумалап өскен. Тіпті, мінекей, аққулар да қонып, әсем көрік беріп тұр.
Бауыржан Мағзенов, шаруа:
- Судың жағдайы жақсы. Су келіп жатыр. Жылдағыдай емес, биыл су мол. Шабындық та, жайылыс та жақсы.
Өзен-көлдердің толуына көктемгі тасқынның ықпалы бар. Ал мамыр айынан бері трансшекаралық өзендер арқылы Ресейден су жіберіле бастады. Бұл шараларға көрші елге республикалық бюджеттен 6,5 млрд теңге аударылды. Мамандар енді жиналған тіршілік нәрін Қамыс-Самар өлкесіне бағыттауға кірісті. Себебі ғалымдар ақбөкендердің бұрынғы ареалын оңалтудың тиімді тәсілі осы дейді.
Табылғали Сапаров, ауыл шаруашылығы ғылымының кандидаты:
- Сол жерге су шығарсақ, ертең киік бұрынғы өзінің тарихи мекендеген жеріне барады. Ол жақта су болмағасын екі өзеннің бойымен, Қараөзен мен Сарыөзеннің бойымен +ауылдағы малдың шығарылатын жайылысына киік келіп жайылып, халықтың қазір наразылығы туып тұрғаны осы.
Рауан Құсайынов, "Қазсушар" РМК ОФ директорының м.а:
- Қамыс-Самар көлдеріне соңғы рет 2014 жылы су берілген болатын. Содан қазіргі уақытта ол жерлерде су жоқ. +Оның деңгейі қазіргі уақытта әлі анықталмады. Оны санаймыз. Есебіміз бар. «Қазсушар» филиалының мамандарымен есептеп шығарып, қажетті көлемде суды беретін боламыз.
Ал жаңақалалық шаруалар бұған қарсы. Бірер жыл қуаңшылық болып, малға берер су мен жем-шөп таппай сенделген олар биылғы мол суды қорғаштап жүр. Фермерлер құм етегіндегі суаттарды толтыруды тиімсіз санайды.
Талғат Байкенов, шаруа қожалығының басшысы:
- Құм деген суды көп қажет етеді. Суды қазір беріп, анда бара қоятын нәрсе емес. Пәлен миллиондаған куб су кетіп қалады құмға. И ол құмдағы суды ұстап тұру үшін артынан мол су керек.
Есесіне суды Қамыс-Самар өлкесіне қарай жіберу туралы шешімнен бейхабар болдық, дейді жұртшылық. Тіпті аудандық комиссия мүшелері де аң-таң.
Руслан Оразәлиев, "Жер аманаты" аудандық комиссиясының мүшесі:
- Біздер комиссия құрдық осы су жөнінде. Неге десеңіз біз осы су мәселесі бойынша аузы күйген халықпыз, ауданбыз. Халықпен кездесу арқылы су қай жақ бағытқа ағытылады, сол жөнінде біз осы комиссия арқылы шешу керекпіз деп ұсыныс тастадық. Ал осы қағазымыздың күші жоқ деп ойлаймын сонда біздің үстімізден біреу келіп ауданымыздың суын ашатын болса.
Шаруалар облыс әкімдігіне келіп, түйткіл мәселенің тиімді шешілуін талап етті. Ал шенеуніктер жұртшылықтың ұсынысына қарай бұл жоба қайта сараланатынын жеткізді.
Ержан Балтаев, облыс әкімінің бірінші орынбасары:
- Сіздер қойған сұрақтардың барлығының расчеттерін дайындап, қандай болады, қалай болады, сосын болашақта екі-үш жылдың прогноздарын алып, +сосын біз сіздердің комиссияларыңыз бар, аудан әкімі бар, сол жерге барып, сіздермен, халықпен кездесіп, осы мәселені түсіндіріп, талқылап, сол жерде ортақ шешімге келейік. Киікті айтып жатырмыз. Бәлкім киікке де бұл өзінің жақсы септігін тигізіп, солтүстік райондардан осы құмға алып келуі мүмкін.
Трансшекаралық өзендермен келіп жатқан су қараша айына дейін ағады. Өңірде енді малдың да, киіктің де шөлін қандырудың ортақ тәсілін табу міндеті тұр.
Еркебұлан Смадияров, Болат Жарылғасов, Елдар Аюпов