Қайтарылған активтер әлеуметтік мәселелерді шешуге жұмсалады
«Заңсыз иемделген активтерді мемлекетке қайтару туралы» заң күшіне енгеннен кейін прокуратураның жанынан арнайы орган құрылады.
Онда халықаралық сарапшылар, заңгерлер, экономистер жұмыс істейді. Одан кейін үкіметтің қаулысымен комиссия жасақталады. Оның құрамына қоғам қайраткерлері, депутаттар, күштік құрылымдардың жетекшілері кіреді. Олар мемлекеттік орган ұсынған деректерге талдау жасап, тіркеу жүргізеді. Қайтарылған активтер әлеуметтік мәселелерге жұмсалуы тиіс, - дейді Парламент мәжілісінің депутаты Айдос Сарым.
Айдос Сарым, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Кезінде болған заңсыздықты немесе келеңсіздіктердің бетін жабу соларды жауапкершіліктен шығару деген де пікірлер айтылып жатыр. Ол жалған пікір. Керісінше олармен жұмыс істеудің тетіктері мен механизмдерінің саны артып отыр. Ең бастысы бұл қаражат елге қайту керек. Елдің экономикасына жұмыс істеу керек. Заңда көрсетілгендей халықтың әлеуметтік мәселелерін шешуге бағышталуы керек. Өткен жылдың нәтижесі бойынша қазынаға 1 жарым млрд қаржы қайтты. Соған үкімет пен жергілікті билік 120-дан астам мектеп құруды бастап кетті.