Ақмола облысында дәстүрлі «Жаңа дала» көрмесі өтті
Ақмола облысында дәстүрлі «Жаңа дала» мамандандырылған көрмесі өтті.
Биыл ауқымды шараға 19 мемлекеттен 150-ге жуық ірі шаруа қожалық өкілдері қатысты.
Оларға еліміздің агроөнеркәсіп кешенінің соңғы жетістіктері, ауыл шаруашылығы саласына енгізіліп жатқан жаңа технологиялар мен техникалар таныстырылды.
«Дала күнінің» шаруалар үшін тиімділігі жоғары. Өйткені жан-жақтан жиылған фермерлер жаңа технология мен техникаларды тамашалап қана қоймай, өзара тәжірибе алмасады. Шара барысында ауыл шаруашылығы техникаларының көрмесі ұйымдастырылды. Себебі қазір шаруалардың дені мемелекеттік бағдарламалар аясында техникалық базасын жаңартуға ниетті.
Айбат Есентұров, шаруа қожалығының басшысы:
- Шаруаларға жыл сайын техникаларды жаңартып тұру маңызды. Сол үшін мемлекеттік бағдарламаға жүгінеміз. Өйткені қазіргі шығынымыз жанар-жағармай мен жұмысшылардың еңбек ақысын төлеуден артыла қоймайды. Ал мемлекеттік бағдарламалар бізге көп көмек берер еді. Алдағы уақытта техникаларға бөлінетін қаржы көбейсе деген тілек бар.
Иә, астықтың бітік шығуына техниканың тигізер пайдасы мол. Сол себепті шаруалар жылда техникалық базаларын жаңартып тұруға тырысады. Осы тұрғыда мемлекет тарапынан жеңілдетілген несие қарастырылған. Тек фермерлер несиелеуді рәсімдеу кезінде қиындықтар бар екенін жасырмайды.
Данияр Мұхатаев, шаруа:
- Барлық құжаттарды уақытында жинау қиын. Өйткені төрт күн ғана беріледі. Көбі үлгермей жатады. Құжаттарды кім бірінші тапсырса, сол шаруа ғана жеңілдікті алады. Біз осы жылы жаңа техниканың алғашқы жарнасын төлей алмаймыз. Былтыр бидай бітік шықты. Бірақ баға өте төмен болды. Біз былтырғы шығынды ақтаған жоқпыз.
Биыл ауыл шаруашылық техникасын несиелендіруге 15 млрд теңге бөлінді. Осы жеңілдікке үлгермеген шаруалар лизингке бөлінетін қосымша қаржыдан үмітті. Ал жауапты министрлік өкілдері жыл өткен сайын қаржы көлемі ұлғайып келетінін айтады. Тек осы жылдың өзінде ауыл шаруашылығы саласына 450 млрд теңге бөлінген.
Абзал Азаматұлы, Виктор Полянный