«Көлеңкелі» экономикаға қарсы күрес қалай жүріп жатыр?
«Аз уақытта ауқатты боламын» деп армандап жүрген адамдар бар. Алаяқтар оны біледі. Сосын түрлі айла-шарғы табады, кейін қарашаның қаржысын қалтаға басады.
Елде қаржы пирамидалары, заңсыз казино бизнесі асқынып барады. Жең ұшынан жалғасқан жемқорлық та тыйылмай тұр. Ал мұнымен жауапты органдар қалай күресіп жатыр?
Бүгін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қаржылық мониторинг агенттігінің төрағасы Жанат Элимановты қабылдады. Кездесуде көлеңкелі кәсіп һәм қаржы айналасындағы көзбояушылық әрекеттермен күрестің қалай жүріп жатқаны баяндалды.
«Көлеңкелі» экономикаға қарсы күрес қалай жүріп жатыр?
Бекзат Аманов, тілші:
- Иә, көлеңкелі кәсіппен көгеріп, бюджеттің есебінен байып отырғандар бар. Бірақ заңды аттап, арқаны кеңге салып жүрген ешкім жоқ. Кінәлілер дер кезінде ұсталып жатыр. Биыл көзбояушылыққа барған 5 қылмыстық топ жойылып, тағы 3 іс жүргізіліп жатыр.
Бұл туралы Президентке есеп берген Қаржылық мониторинг агенттігінің төрағасы Жанат Элиманов айтты. Жыл басынан бері 94 миллиард теңге шығын өтеліп, актив қайтарылған. Нақтырақ айтсақ, қазір Бюджет қаржысын жымқыру фактілері бойынша отын-энергетика, коммуналдық қызмет және газ саласында бірқатар іс тергеліп жатыр.
Жалпы жемқорлық сала серпілісін тежеп тұрған түйіткілдің біреуі ғана. Басқа да бармақ басты, көз қысты әрекет көп. Соның бірі – заңсыз тауарларды елге өткізу. Бүгінге дейін суррогат алкоголь өндіретін 12 цехтың қызметі тоқтатылды. Одан бөлек, құны 5,3 миллиард теңге болатын электронды темекінің жолы кесілді.
Ойын бизнесі де тыйылмай тұр. Агенттік биыл 11 жасырын казино мен 2 букмекерлік кеңсені жапты. Ел үшін өзекті тағы бір мәселе – қаржы пирадамилары. Дүйім жұрт оның алаяқтық екенін біледі. Бірақ бұдан «пирамиданың» пайдасы азаймады. Керісінше, көбейіп жатыр. Жанат Элиманов мұнымен де күресу қарқынды дейді. Биыл барлығы 22 қаржы пирамидасы жабылған. Салымшыларға келтірілген 2 миллиард теңгеге жуық шығын өтеліпті. Оны жарнамалайтын 5 мыңнан аса сайт пен аккаунт бұғатталды.
Айтпақшы, Жанат Элимановтың ұжымы азық-түлік бағасын азайтуға да атсалысады. Жыл басынан бері олар 14 облыста әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің 14 түрі бойынша бағаны арзандатуға себепші болған екен.
Қазір Халықаралық ынтымақтастықты нығайту жалғасып жатыр. Қазақстан ақшаны жылыстатуға қарсы күрес жөніндегі Азия-Тынық мұхиты тобында бақылаушы мәртебесіне ие болды. Бұл осы аймақтағы елдермен қарым-қатынастың тиімділігін арттырады. Агенттіктің биылғы жұмысына қысқа шолу – осы.
Жалпы Жанат Элиманов Қазақстан қылмыстық кірістерді жылыстатуға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимылдың мейлінше тиімді жүйесін көрсетті деп есептейді. Көлеңкелі экономикаға қарсы күрес әрі қарай жалғаса береді.
Ал Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев бизнесті қорғауды тапсырды. Сондай-ақ шетелге заңсыз қаражат шығарудың және ұлттық жобаларға бөлінетін бюджет қаржысын жымқырудың жолын кесуге бағытталған бірқатар тапсырма берді.
Авторы: Бекзат Аманов.