Павлодар облысында жанармай тапшылығы сезілді
Павлодар облысында жанармай тапшылығы бар.
Жанармай бекеттерінің көбінде АИ- 92 маркалы бензин таллонмен беріліп жатыр. Бұл туралы көлік жүргізушілері әлеуметтік желілерде жазды. Алайда жергілікті билік жанар-жағармай нарығындағы ахуал тұрақты дейді. Ал Баянауыл ауданындағы жағдайды олар туристік маусымның қызған шағымен түсіндіреді. Өңірге демалушылар көптеп келеді. Сондықтан көп ұзамай жағдай реттелуі тиіс. Ал мұнай өндірісіне келсек, Павлодар мұнай-химия зауытының барлық қондырғылары күрделі жөндеуден кейін қалыпты, технологиялық режимде жұмыс істеп тұр. Өндіріс жоспарланған мерзімнен бұрын іске қосылды. Сонымен қатар кәсіпорын шикі мұнайды өңдеуді тәулігіне жоспарлы 15 мың тоннаға дейін ұлғайтқан. Өнімді жөнелту штаттық кестеге сай жүзеге асып жатыр.
Жұмакелді Әкежаев, кәсіпкер:
- Бізде бірнеше ауданда, сосын Ақсу қаласында, Павлодар қаласында жанар-жағармай станцияларымыз бар өзіміздің. Соның көпшілігінде қазіргі күнде бензин жоқ. Біз енді шамалы резерв өзімізге ұстап қаламыз, өйткені өзімізде де автотранспорт бар. Біз жүк тасу қызметін көрсетеміз. Сондықтан біз бензинді де, дизель отынын да алып қаламыз. Бірақ нарықта бензин жоқ деп біз толық айтамыз. Біздің заправкалардың көбінде бензин жоқ.
Сағыныш Нұркимбаев, облыстық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы басшысының м.а:
- Біздің жанармай құю станциялары жеткілікті көлемде алып отыр. Түсінікті болу үшін айта кетейін: 95 маркалы жанармай зауытта өндірілмейді. Ол белгілі бір қоспаларды қосу арқылы алынады. АИ-92 бұл әлеуметтік маңызы бар бензин. Бірінші кезекте барлық әлеуметтік саланы қамтиды. Облыс тұрғындары тарапынан да сұраныс көп. Кеше 95-бензин қоры 300 тонна болса, бүгін 800 тоннаға жетті. Яғни 95-бензин көлемі артып келеді. Ал АИ-92 негізгі бензин. Бүгінгі күні ешқандай тапшылық жоқ.