Елімізде көлік жасауға қатысты кешенді жоспар қабылданады
Елде жеңіл көлік шығаратын екі зауыт салынып жатыр.
Жаңа кәсіпорындар,,, ішкі нарықты отандық темір тұлпармен толық қамтуға мүмкіндік бере ме?
Бүгін Үкімет отырысында машина жасау ісі қаралды. Салада серпіліс бар. Бірақ кемшін тұс та жоқ емес. Алдағы уақытта осы секторға қатысты жаңа кешенді жоспар қабылданбақ. Жалпы көлік шығаруға қатысты саясат қайта қаралады.
Машина жасау деген алып сектор бар. Алып дегенім бұл сала экономиканың барлық бағытын қамтиды. Кейінгі 5 жылда машина жасаудың экономикадағы үлесі 1,5 есе өскен. 3 мың 800-дей кәсіпорын жұмыс істейді. Бұл өндіріс орындарында 118 мың адам еңбек етеді. 5 жылда өндіріс көлемі 3 еселенді. Тек былтырдың өзінде салаға 470 млн доллардан астам шетелдік инвестиция тартылған. Өткен жылы ішкі нарықта 150 мың көлік сатылды. Оның 103 мыңын отандық компаниялар шығарған. Бірақ бұл бас бармақпен бағалайтындай нәтиже емес.
Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрі:
- Қазіргі таңда саланың ішкі нарықтағы үлесі бар болғаны 13%-ті құрап отыр. Импорт шамамен 20 миллиард доллар көлемінде. Еліміздің аталған нарықтағы үлесін әлі де арттыруға болады. Тағы бір маңызды мәселе – жабдықтардың тозу деңгейі өте жоғары болып отыр. Машина жасау саласындағы бұл көрсеткіш орта есеппен 40%-ке жуық. Сондықтан, оны мүмкіндігінше жаңғырту керек.
Салаға жауапты министр бірқатар жоба бар деді. Яғни алдағы уақытта жаңа кәсіпорындар ашылмақ. Бұл ішкі нарықта отандық көліктің үлесін қаншалықты арттырмақ?
Марат Қарабаев, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі:
- Біздің алдымызда 3 міндет тұр. Біріншіден, шығарылатын автомобильдер қатарын кеңейту. Қазір екі автомобиль зауытының құрылысы жүріп жатыр. Екіншіден, шағын торапты құрастыруды дамыту. Ол үшін автоөндірушілерге қойылатын талаптарды арттыру бойынша шаралар қабылданып жатыр. Үшіншіден, компоненттік базаны құру көзделген. Қазір қазақстандық кәсіпорындар автокөліктерге арналған бөлшектерді орнату үшін омольгация процесінен өтіп жатыр.
Жеңілден ауырға өтсек. Елде ауыл шаруашылығы техникасының паркі 76 пайызға тозған. Былтыр отандық кәсіпорындар агро салаға қажетті 15 мың көлік құрастырды. Бірақ жетпейді. Көбі ескі. Бірін жөндесең, басқа жері қирайды. Ал оған даладағы егін қарап жата ма? Сайып келгенде техниканың тозуынан өнім құриды. Осыны ескеріп, биыл тағы 5 мың трактор мен 900 комбайн шығару жоспарланып отыр. Жалпы алдағы уақытта машина жасауда жаңа саясат қалыптаспақ.
Қорған Қонысбайұлы @korgantore
- Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша машина жасауды дамытудың 5 жылдық кешенді жоспары әзірленіп жатыр. Бұл құжат өндірісті 2 есе, экспорт көлемін 3 есе арттырмақ. Яғни салаға серпін беріп, ішкі нарықты отандық көлікпен қамту көзделіп отыр.
Қорған Қонысбайұлы, Ерлан Наурызбаев