БҚО-да оңтүстік аудандарға киіктен 8 млрд теңгеге жуық шығын келді

Батыс Қазақстан облысының оңтүстік аудандарындағы шаруашылықтарға киіктен 7,9 миллиард теңге залал келген.

Арнайы құрылған комиссия әрбір қожалықтың жерін аралап, биылғы шабылған шөптің көлемін анықтап, осындай қорытындыға келді. Қарақұрым киік 1 миллион 284 мың гектар жайылым-шабындықты таптап, 5 мың гектар астықты алқапты отап кеткен. Қазір келген шығынды өтеу туралы есеп-қисап ауылшаруашылық министрлігіне жіберілді. Бұл туралы  облыс әкімдігінде өткен кеңесте белгілі болды. Мамандардың мәлімдеуінше, Жәнібек, Казталов, Жаңақала, Ақжайық, Бөкей Ордасы аудандарында мал азығын дайындау бойынша   жағдай күрделі.  Өңірдің мал азығына қажеттілігі 2100 тонна болса, соның 59% ғана әзір. Оның басым бөлігі былтырдан қалған жем-шөп қоры.

Наурызбай Қарағойшин, ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:

- Күні бүгінге 1300-ге жуық шаруа қожалығына алты ауданның анықталған жерлерге 7,9 миллиард теңге қарастыру жөнінде жасақталған методика бойынша есеп толығымен ауылшаруашылық министрлігіне жолданды. Бұл ешқандай төтенше жағдай емес. Киік мәселесінен зардап шеккен жағдайда төленетін қаржы. Республикалық бюджеттен қарастырылып, төлену жағдайы қарастырылып жатыр.