Kostanay Invest 2023 форумында бизнес-мүмкіндіктер талқыланады
Қостанай облысында биыл инвестициялық жобаларды іске асыру есебінен екі мыңға жуық жұмыс орыны ашылады.
Жаңа өндіріс ошақтарын ашуға жұмсалатын салымдардың жалпы көлемі жүз отыз миллиард теңгеден асады. Аймақтың экономикалық әлеуеті артып келеді. Отандық және шетелдік бизнес өкілдері үшін жаңа мүмкіндіктер "Kostanay Invest 2023" форумында талқыланбақ.
Қостанай кондитерлік фабрикасы соңғы 10 жылда өндірісті жаңғыртуға 20 миллиард теңге көлемінде инвестиция салған. Бұл өнімнің бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Нәтижесінде қазір кәсіпорында жылына 40 мың тонна тәтті тағам түрлері өндіріледі. Дайын өнімнің жартысы алыс және жақын шетелдерге экспортталады. Табиғи әрі сапалы өнімдер нарықта сұранысқа ие. Жергілікті шикізатқа әркез басымдық беріледі.
Тимур Садықов, "БАЯН СҰЛУ"АҚ Басқарма төрағасы:
- Біз жыл сайын жаңа жабдықтар сатып алу арқылы кондитерлік өнімдердің жаңа түрлерін енгіземіз. Сәйкесінше нарықта әлемдік өндірушілер мен трансұлттық компаниялармен бәсекеге қабілетті болуғатырысамыз. Экологиялық таза өнім қазақстандық кондитерлік өнімдердің басты артықшылығы саналады.
Кондитерлер өндіріс көлемін ұлғайтуға ниетті. Жұмыс істеп тұрған цехтармен қатар жаңа фабриканы іске қосу жоспарда. Бұл инвестициялық жобаның да артық тұстары баршылық.
Тимур Садықов, "БАЯН СҰЛУ"АҚ Басқарма төрағасы:
- Тек бастапқы кезеңде шамамен 13 млрд теңге инвестиция құйылады. Әрине бұған мемлекеттік қолдаудың арқасында қол жеткіздік. Өнеркәсіпті дамыту қорының көмегімен жабдықтарды жаңарта аламыз.
Биыл өңірде барлығы 13 ірі инвестициялық жобаны іске асыру көзделген. Олар машина жасау, балық шаруашылығы және қайта өңдеу салаларын қамтиды. Аймақ экономикасына инвестиция салу мұнымен шектелмейді. Перспективалық бағыттарды дамытуға инвесторлар тартылады. Форум жұмысына екі жүзден аса бизнес өкілдері жиналды.
Роза Горянна, кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары:
- Корея мен Ресей және жақын маңдағы облыстардан бизнес өкілдері келді. Аталған форум бұған дейін қол жеткізілген уағдаластықтар аясында және қолданыстағы келісімшарттарды нығайтуға, сонымен қатар жаңа іскерлік қатынастар орнатуға мүмкіндік беретін өзіндік пікір алаңына айналады деп сенеміз.
Инвестициялық форум аясында жалпы құны 700 миллиард теңге болатын екіжақты тиімді келісімдерге қол қойылды.
Талғат Серікқалиұлы, Наталья Строкова, Ермек Мухамедьяров