Қостанай облысында 13 ірі экономикалық жобаны жүзеге асыру жоспарланды
Биыл Қостанай облысында экономиканың бірнеше саласында бірден 13 ірі жобаны іске асыру көзделген.
Инвестицияның жалпы көлемі 130 миллиард теңгеден асады деп жоспарланып отыр. Ал жаңадан ашылатын кәсіпорындар 2 мыңға жуық адамды жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді. Бұл туралы бүгін Қостанайда өткен инвестфорумда айтылды.
Қостанай облысында 350-ден аса пайдалы қазба кен орнында барлау жұмыстары жүргізілген. Соның тек 145-інде ғана өндіру мен қайта өңдеу жұмыстары жүріп жатыр. Осыған байланысты жергілікті билік мүдделі инвесторларды мүмкіндікті мүлт жібермеуге шақырып отыр.
Құмар Ақсақалов, Қостанай облысының әкімі:
- Біз инвесторларға мемлекеттік қолдаудың барлық шараларына кепілдік береміз. Сонымен қатар қажет болған жағдайда жобаларды іске асыруға мемлекет те атсалысуы мүмкін. Әрине біз қайта өңдеуге баса назар аударамыз. Соның ішінде өңдеу өнеркәсібінде машина жасау, металлургия, сондай-ақ тамақ өнеркәсібіне баса екпін түсіріледі.
Инвесторлар қазір Қостанай облысының оңтүстігіндегі кен орындарының бірін зерттеп жатыр. Онда тау-кен байыту комбинатын салу жоспарланған. Өндіріс ошағында жылына 6 миллион тоннадай кен қайта өңделмек. Энергетика саласында сұранысқа ие металдар негізінен электромобильдер құрылысында қолданылады. Кәсіпорында 1200-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылады.
Сергей Кряжевский, "Қостанай тау-кен металлургия корпорациясы" ЖШС бас директоры:
- "Бізді қызықтыратын белгілі бір металдар бар. Мәселен, кен орнының осы аймақта орналасуы да бізге өте қолайлы болып тұр. Сондықтан, өңірде жаңа жұмыс орындарын құруға, салық төлеуге, жалпы өнім көлемін арттыруға мүдделіміз. Біздің бағалауымыз бойынша, жылына жоспарлаған түсім көлемі 200 млрд теңгеден асады. Менің ойымша, бұл аймақтың дамуына жасалатын үлкен көмек.
Аймақта биылға жоспарланған 13 инвестициялық жобаның үшеуі жүзеге асты. Инвестиция көлемі екі жарым миллиард теңгеге жеткен. 200 адам тұрақты жұмыспен қамтылды.
Рахым Ошақбаев, "Kostanay Invest 2023" форумының модераторы:
– "Бұл Қостанай облысында инвестиция тарту бағытында жұмсалған күш-жігеріміздің оң нәтижесі. Менің ойымша, инвесторлармен жұмыс істеу аясында преференциялар берудің осы тәсілдері қазір үлгі тұтарлық. Бұл тәжірибе Қазақстанның барлық басқа өңірлерінде де енгізіледі.
Қостанайда өткен инвестициялық форумда екі жақты тиімді келісімдерге қол қойылды. Олардың жалпы құны 700 миллиард теңгеден асады.
Талғат Серікқалиұлы, Артем Грапов, Сергей Трахтенберг