Қостанайда кореялық автомобиль өндірісі жолға қойылады
Зауыт 2025 жылы іске қосылып, жылына 70 мың көлік шығарады.
Бұл туралы аймақта өткен инвестициялық форумда айтылды. Шетелдік инвесторлар Қостанайда бизнес жүргізуге ынталы. Ал жергілікті билік оларға жағдай жасап, қолдау білдіруге дайын екенін жеткізді.
Оңтүстіккореялық KIA компаниясы қазақстандық «Аллюр» кәсіпорнымен көп жыл бойы тығыз байланыста. Енді шетелдіктер Қостанай облысында көлік құрастырудың ұсақ түйінді желісін іске қосуды қолға алады. Жергілікті автозауытта бұның бәрін жүзеге асыруға бар жағдай жасалған.
Ким Дэки, KIA зауытының бас директоры:
- Қостанайға 200 миллион АҚШ доллары көлемінде инвестиция саламыз. Мақсатымыз - қаланы Қазақстанның жетекші автоөндіріс орталығына айналдыру. Осы ретте облыс басшылығымен тығыз байланыста болу маңызды. Әріптестігіміз ұзақ жылдарға созылады деген ойдамыз.
Форумда әлемдік нарықта қашанда сұранысқа ие болатын өнімдер туралы сөз болды. Бұлардың қатарында глютен, крахмал, глюкоза, биоотын және азық қоспалары бар. Сондықтан осындай өнімдер шығаратын зауыттарды көптеп салу заман талабы. Ал жергілікті билік осы ретте инвесторлар тартуда қол қусырып отырған жоқ.
Құмар Ақсақалов, облыс әкімі:
- Бұршақты дақылдарды өңдеу зауытын іске қосу жоспары бар. Мұнда шикізаттан бастап қаптамалы дайын өнімге дейін шығарылады. Сонымен бірге ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеп, оны импорттап экспорттайтын ірі түркиялық компаниямен келіссөздер жүргізіліп жатыр. Азық-түлік өнеркәсібі саласында кәсіпорын ашуға ниетті инвесторлардың ұсынысын тыңдауға қашанда дайынбыз. Машина жасаудан бөлек азық-түлік өнеркәсібі кластерін құруды маңызды деп есептейміз.
Әлеуметтік салада жұмыс істеуге ниетті инвесторлар да бар. Кәсіпкерлер денсаулық сақтау саласында тың идеялары бар екенін жеткізді. Олар Рудный қаласында үлкен емханалық кешен, ал Қостанайда клиникалық-оңалту орталығын тұрғызуды көздейді.
Әсет Ахметов, ''Viamedis'' ЖШС байқаушылар кеңесінің төрағасы:
- Әрине әдістер бар. Біз оларды қолданамыз. Бірақ Қазақстанда бұл қызмет дамымаған. Бұған қаржы қолбайлау шығар. Егер обылс басшылығы қолдаса, онда осындай әлеуметтік жобаны жүзеге асыруға дайынбыз.
Биыл Қостанай облысында экономиканың бірнеше саласын қамтитын ірі 13 жоба жүзеге асырылады. Тартылатын инвестицияның жалпы көлемі 130 миллиард теңгеден асып түседі деп болжанып отыр.
Данияр Сұлтанұлы, Артем Грапов, Сергей Трахтенберг