Түркістан облысының тұрғыны қайтарымсыз грант алып, қияр екті
Түркістан облысы Түлкібас ауданының тұрғыны Назира Телғозиева мемлекеттен қайтарымсыз грант алып, 3 гектар жерге қияр екті.
Қазір диқан дайын өнімді жергілікті зауытқа өткізіп, пайдасын көріп отыр.
Қазір алқап басында қарбалас. 20 шақты адам екіге бөлініп таңғы салқынмен қияр теріп жатыр. Күн ысымай өнімді жинап алу керек. Барлығы Жаскешу ауылының тұрғындары. Саламат Ибрагимова науқан басталғалы осында. Тәжірбиелі келіншек үйде қарап отырғанша осында келіп, жұмыс істейін деп шешіпті. Еңбекақысын күнделікті алатынын айтады.
Саламат Ибрагимова, жұмысшы:
- Ауылдың адамдары осы жерде жұмыс істеп жатыр. Жас балалар, қыз-келіншектер күніге бізге жұмыс болып жатыр. Балалар қапшықпен тасиды, сортталады. Әрбір адам күніне қапшықпен 200-300 келіге дейін тереді. Ақшамызды уақытылы аламыз. 4 мың теңгеден төлейді. Диқаншылық болып жатыр, бәрі жақсы.
Бұл отбасылық кәсіп. Назира Тельғозиева жұмыссыз ретінде тіркеліп, биыл көктемде 1 млн 380 мың теңге көлеміндегі қайтарымсыз грант ұтып алған. Оған жолдасы екеуі 3 гектар жерге қияр егіпті. Қазір осы алқаптан күніне 4 тонна өнім алуда. Топырақтың тілін тапқан диқан биыл 130 тонна өнім алуды жоспарлап отыр.
Назира Тельғозиева, Жаскешу ауылының тұрғыны:
- Өнімі жақсы, мол өнім беріп жатыр. Бұйырғанын алып жатырмыз. Бұны Сайрам ауданында зауыт бар, қиярды банкіге жабатын, сол зауытпен келісімге отырғанбыз. Зауыттан келіп, өздері алып кетеді. Сол кісілерге теріп, дайындап қоямыз. Бағасы басында 90 болған, қазір 100 теңгеден алып жатыр. Осы қайтарымсыз гарнттың көмегімен осынша гектар егіп, өнімін алып жатырмыз. Рахмет үкіметке де, істеймін деген адамға болады.
Өткен жылы Түлкібас ауданында кәсіп ашып, тірлік жасаймын деген 183 азаматқа 224 млн теңге көлемінде қолдау көрсетіліп, бір реттік қайтарымсыз грант берілген. Олардың арасында ерекше кәсіп ашып, бизнесін дөңгелетіп отырғандары да бар. Ал биыл...
Ерсұлтан Байбатшаев, Еңбек мобильділігі орталығының түлкібас аудандық филиалының директоры:
- Осы күнге дейін 90 адамға қаржы бөлінген болатын. Соның 44 адамына комиссияның қорытындысымен мемлекеттік қайтарымсыз грант берілді. 3 пен 4-легі бірігіп, өтініш беру мерзімі қыркүйек айына жоспарлануда қазір. Барлығы «Еңбек.кз» сайты арқылы жүзеге асады.
Мамандардың айтуынша, Түлкібас ауданында 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобаға сәйкес, әсіресе жаңа бизнес идеяларға ерекше қолдау көрсетіледі.
Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Қуаныш Әбуов