Қостанай облысында сұйытылған газ сатыла бастады

Қостанай облысындағы жанар-жағар май бекеттерінде сұйытылған газ сатыла бастады.

Бұған дейін көгілдір отын тек талонмен берілді. Қазір тапшылық біртіндеп жойылып келеді. Тамызға жоспарланған газдың бір бөлігі жеткізілді. Бұл шамамен 1700 тонна. Айдың соңына дейін қалғанын алып келеді. Қазір бірінші кезекте Қостанайдағы және жақын қалалардағы бекеттер газбен қамтамасыз етіліп жатыр. Келесі партиясы облыстың оңтүстік өңіріне жіберіледі. Жыл басында қаржылық қиыншылықтарға байланысты газ құю бекеттері жоспарланған отынды сатып алудан бас тартып, қолдағы бар газды сатты.  Алайда жаз айларында сұраныс артып, қордағы отын жетпей қалды.

Алмат Ғаббасов, облыстық ТҮКШ және энергетика басқармасының басшысы:

- Облысқа тамыз айына 5500 тонна сұйытылған газ бөлініп отыр. Соның 30 цистернасы, яғни мың тонна газ жолда келе жатыр. Қазір қолымызда 500 тонна бар. Тек талонмен ғана босату керек деген талапты алып тастадық. Логистика мәселесі де күнделікті бақылауда. Бұған дейін газды зауыттан Қостанайға жеткізу үшін 10 күн кетсе, енді 4-7 күнге қысқарды.