Қызылорда облысында 150 бизнес-жоба жүзеге асып жатыр
Қызылорда облысында 150 бизнес-жоба іске асып жатыр.
Бұл былтырғымен салыстырғанда 3 есеге көп. Әсіресе құрылыс қарқын алып, өндрістің дамуына жол ашты. Құрылыс материалдарына сұраныс артқандықтан түрлі цех ашқандар көбейді. Мысалы, кәсіпкер Исатай Нұржанов үй салуға қажетті темір тор шығаратын цех ашты. Енді өндіріс көлемін жыл сайын ұлғайтуды көздеп отыр.
Исатай Нұржановтың мамандығы қаржыгер. Жиырма жыл бұрын бизнеспен айналыса бастайды. Ауыл шаруашылығы мен құрылыс саласында кәсіп ашқанымен жобалары сәтсіз болыпты. Банкрот болған кездері болды. Алайда алдына мақсат қоя білген ол қиындыққа мойымады. 3 жыл бұрын құрылысқа қажет темір тор шығаратын шағын цех ашты. Әуелі ескі құрылғылармен басталған өндіріс қазір автоматтандырылған жүйеге көшті. Басқа да бұйымдар жасайтын заманауи желі сатып алды. Мемлекеттің қолдауы аясында 50 миллион теңге жеңілдетілген несие алдым, дейді кәсіпкер.
Исатай Нұржанов, кәсіпкер:
- Бұл қаражат әрине жетпейді. Біз өзіміз қаражатын қостық. 130 миллион теңгеге сэндвич панель шығаратын құрылғыны сатып алдық. Үлкен линия бұл. 12-13 метрге деін шығарып береміз. Күніне 2-3 мың шаршы метрге дейін шығаруға болады.
Кезінде шағын бөлмеде басталған өндіріс қазір үлкен цехқа айналды. Исатайдың ұлы Ернар мұндағы құрылғыларды толық меңгеріп алған. Болашақ биотехнолог мамандығында оқып жүрген студент жазғы демалысында отбасылық кәсіпке үлес қосуға ниет білдірген.
Ернар Шалқар, цех жұмысшысы:
- Жазғы демалысқа келгеннен бері осы жақта жұмыс істеп жатырмын. Мен осы станоктарға ремонт жасаймын. Сапасын қалыпты жағдайда ұстап тұруға көмектесемін. Арасында мына станоктармен жұмыс істеймін. Әкеме көмектесіп жүрмін ғой осы жазда.
Қазір бұл цехта тәулігіне 2 мың шаршы метр дайын өнім шығады. 4 адам жұмыспен қамтылған. Кәсіп бастау үшін тәуекелшіл болу маңызды, дейді Исатай.
Исатай Нұржанов, кәсіпкер:
- Ойланып толғанып, біреңе жасаймын деп жүрген кезіңде уақыт өткізіп аласың. Тәуекел шешім қабылдай алмасаң. Дер кезінде, уақытында шешім қабылдай алу керек.Ал дер кезінде, уақытында шешім қабылданбай қалса, ол кезде пойыз кетіп қалған сияқты болады.
Цех иесі алдағы уақытта өндірісті кеңейтуді жоспарлап қойған. Металдан жасалатын барлық құрылыс материалдарын өндіруді қолға алғысы келеді.
Нұрлан Жақыпбеков, Ақан Әлиев