Коммуналдық тарифтер құнына талдау жасалды
Қарағанды облысында электр энергиясы 31% қымбаттады.
Павлодар облысында жарық құны 25%, ал Ақмола облысында 20% өскен. Бұл маусым айынан бері тіркелген өңірлер арасындағы ең жоғары көрсеткіштер. Табиғи монополияларды реттеу комитеті ел аумағында коммуналдық тарифтер құнына талдау жүргізді.
Сонымен, күзде елдің басым бөлігінде жылу қымбаттайды. Мысалы, Астана, Алматы, Қызылордада тарифтер 20% қымбаттайды. Жетісу облысының тұрғындары жылуға 28% көп төлейді. Абай облысында жылу құны 25% өсЕді. Батыс Қазақстан облысының тұрғындары үшін жылу тарифі 19% көтеріледі. Ал Қостанай облысындағы өсім 10% құрайды. Өзге облыстардағы жылу тарифтерін графикадан көре аласыздар.
Мирас Зеріпбаев, ҚР ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу комитеті төрағасының орынбасары:
- Тарифтік смета дегеніміз ол негізінде шығындарды көрсетілген қызметтің көлеміне бөлген кезде пайда болатын номиналды тариф дейміз. Енді сол шығындардың өскен сайын сіздің тарифтеріңіз өсе береді. Тарифтің өсуі есебінен бізде үш мәселе шешіледі. Бірінші инвестициялардың тартылуы, екінші жалақы мәселесі. Сол коммуналдық қызметтерде жұмыс істейтін адамдардың жалақысын көтеру. Үшінші мәселе ескі желілердің теңгерімге алған кездегі шығындарын өтеу.
ГРАФИКА:
- Жаз басталғалы су тарифтері де өзгерді. Табиғи монополияларды реттеу комитетінің деректеріне сай, Абай облысында су тарифтері 28% көтерілді. Астаналықтар соңғы екі айда суға 20% көбірек төлейді. Қарағандыда 16%, Ақтөбе мен Алматыда 15%, Жетісу мен Шығыс Қазақстан облыстарында сумен қамтамасыз ету бойынша тарифтер осы жазда 10% астам өскен.
Табиғи монополияларды реттеу комитетінің мәлімдеуінше, Қазақстанда коммуналдық тарифтер орта есеппен 20-25 процент аралығында өсЕді. Соның есебінен тозығы жеткен коммуналдық инфрақұрылым жаңартылады. Бұдан бөлек салада жұмыс істейтін 200 мыңнан астамның жалақысын көтеруге мүмкіндік туады.
ГРАФИКА:
Су тарифтері өскен өңірлер
2023 ж. маусым-тамыз
Астана 20%
Алматы 15%
Абай облысы 28%
Ақтөбе облысы 15%
Жетісу облысы 11%
Қарағанды облысы 16%
Шығыс Қазақстан облысы 10%
ҚР ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу комитеті